Қазақстандағы БҰҰ-ның жаңа Тұрақты үйлестірушісі тағайындалды

Қазақстан Үкіметінің келісімімен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Моңғолия азаматы Саранго Раднаарагчаны Қазақстандағы БҰҰ-ның жаңа Тұрақты үйлестірушісі қызметіне тағайындады.
С.Раднаарагча Еуропа мен Орталық Азиядағы орнықты даму саласында 25 жылдық мол тәжірибеге ие. Ол БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі лауазымына тағайындалғанға дейін БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясында (ЕЭК БҰҰ) Қоршаған орта мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесші қызметін атқарды. Бұл қызметте бірнеше БҰҰ елдік топтарында ЕЭК-тің өкілдік қызметін тиімді қайта ұйымдастырды.
Сонымен қатар ол Еуропа мен Орталық Азиядағы 17 елге арналған ЕЭК конвенцияларын, нормалары мен стандарттарын орындауға бағытталған кеңес беру және техникалық сараптама жұмыстарын жүргізді.
2014 жылы ЕЭК БҰҰ-ға келгенге дейін С. Раднаарагча ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлерде орнықты даму және табиғи ресурстарды басқару салаларында табысты еңбек жолын қалыптастырды. Ол Моңғолияның Табиғат және қоршаған орта министрлігінде аға қызметкер, кейін БҰҰДБ, ФАО, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы, Табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық одақ, GIZ және консалтингтік компанияларда түрлі лауазымдарды атқарған. Оның құзыретіне саясатты талдау мен әзірлеу, трансшекаралық ынтымақтастық, серіктестіктерді дамыту, кеңінен қатысуды қамтамасыз ете отырып табиғи ресурстарды басқару, әлеуетті арттыру және бағдарламаларды басқару кіреді.
С.Раднаарагча Флиндерс университетінің (Аустралия) Экологиялық менеджмент саласындағы магистрі дәрежесіне ие.
Фото: БҰҰ баспасөз қызметі