Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банк бұл жолғы шешімнің себебін бірнеше фактормен байланыстырып отыр.
— Жылдық инфляция маусымда 11,8% болды. Барлық компонент бойынша бағада өсім байқалады. Тарифтік реформаларды іске асыру аясында реттелетін қызметтердің, сол сияқты нарықтық қызметтердің қымбаттауы есебінен қызмет секторы (16,1%) бұрынғыша баға өсіміне себеп болып отыр. Сонымен қатар импорттық тауарлар мен ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі түрлері қымбаттауына байланысты азық-түлік инфляциясы (10,6%) да айтарлықтай үлес қосты.
Инфляцияның айлық динамикасы 0,8%-ға дейін баяулады. Инфляцияның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштер біршама өсті: базалық инфляция — 0,9%, маусымдық факторларды ескермегендегі инфляция 1,0% болды. Бұл тарифтік реформалардың жалғасуы, фискалдық ынталандыру және жеке кредиттеудің жоғары өсу қарқыны қолдап отырған орнықты тұтынушылық сұраныс аясында инфляциялық қысым сақталғанын көрсетеді, — деп жазылған ресми мәліметте.
Дереккөз: kazinform
Фото: ҚРҰБ