World Dog Show 2025: Қазақы тазы әлемді мойындатты

Финляндия астанасы Хельсинкиде World Dog Show 2025 дүниежүзілік иттер көрмесі аяқталды. Биылғы шараның басты оқиғасы қазақы тазыны әлемге таныстыру болды. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 7 бірдей басты жүлде иеленіп, әлемдік сарапшылар мен ит өсірушілердің қызығушылығын тудырды.
Көрме аясында Қазақстан кинологтар одағы халықаралық сынға дайындалған 8 тазыны және киіз үй пішінінде жасалған арнайы стендті ұсынды. Бұл павильон қонақтарға Ұлы даланың атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді, сондай-ақ ең танымал фотоаймаққа айналды. Келушілер қазақы тазы туралы ақпараттық материалдар алып, суретке түсіп, тұқымның шығу тарихы, генетикалық зерттеулері, мінезі мен аңшылық қасиеттері жайлы қызығушылық танытты. Көптеген шетелдік мамандар оқу құралдарын жіберуді және күшіктер сатып алу мүмкіндігін сұрастырды.
«Халықаралық сарапшылардың ықыласы қазақы тазының әлемдік кинология аренасында лайықты орын алғанын көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан ұлттық тұқымды ресми халықаралық мойындау және насихаттау жұмыстары өз нәтижесін беруде. Біз тек бірегей аңшы итті ғана емес, Қазақстанның мәдени символын да әлемге таныттық», – деді Қазақстан кинологтар одағының төрағасы Бауыржан Серікқали.
Фото: qr-pib.kz