Қ.Тоқаев: Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Кеңеске Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Президент мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін екінші басымдық ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады. Бұл – анық нәрсе.
– Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді, – деді Президент.
Президент Үкіметке жасанды интеллектіні дамыту және еліміздің цифрлық трансформациясына қатысты жүйелі құжат әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы бұл құжатта жасанды интеллектіні дамытудың және қолданудың барлық аспектілерін қамтитын кешенді шаралар көрсетілуі қажет екенін атап өтті.
Фото: Ақорда