Алматыда жаңа заманауи өнер музейі ашылды

Алматыда кәсіпкер, әрі меценат, коллекционер Нұрлан Смағұлов негізін қалаған Almaty Museum of Arts заманауи өнер музейі ашылды.
Almaty Museum of Arts-тың миссиясы – заманауи өнер үдерістерін қолдау және зерттеу, олардың әлемдік мәдениеттегі маңызын ашу. Музей қорына Қазақстаннан және басқа да елдерден жиналған 700 өнер туындысы енді.
Музейдің көркемдік стратегиясы мен бағдарламалық мазмұнын көркемдік жетекші Меруерт Қалиева әзірлейді. Музейде екі жоба ашылды. Оның бірі – «Қонақтар» атты музейдің өз коллекциясы қойылған көрме және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық экспозициясы.
Музейдің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, сондай-ақ өнер саласы және БАҚ өкілдері қатысты.