Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Данияр Қасқарауов: Сорбұлақ – тұтас облыс қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер

Данияр Қасқарауов: Сорбұлақ – тұтас облыс қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер

ҚР Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Алматы облысындағы Сорбұлақ мәселесін Үкіметтік деңгейде шешуді талап етті.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су қауіпсіздігін ұлттық мүдде деп атағанын еске салып, 37 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Сорбұлақ проблемасының халық денсаулығына, экологияға және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіріп отырғанын айтты.

Депутаттың айтуынша, Алматы қаласының кәріз сулары жиналатын Сорбұлақ жыл сайын толып барады. Қазіргі көрсеткіш – 750 млн текше метр. Егер нөсер, тасқын немесе жер сілкінісі болса, Ақши мен Күрті ауылдарын су басып, тіпті Іле, Балқаш, Қапшағайға дейін ластануы мүмкін. Бұл – ұлттық деңгейдегі экологиялық апат.

Биылғы зерттеу нәтижелері де дабыл қағарлық: Сорбұлақ суында 31 түрлі химиялық зат пен ауыр металл бар. Оның ішінде кадмий нормадан төрт есе көп. Бұл көзге көрінбейтін у адам ағзасында жылдар бойы жиналып, онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін. «Сасық иістен ауылдар тұншығып отыр, ал уға толы судан ауланған балық базарларда сатылып жатыр», – деді Қасқарауов.

Осыған байланысты депутат Үкіметке нақты ұсыныстарын айтты:
    1.    Тәуелсіз сарапшылар мен экологтардан құралған мемлекеттік комиссия құру;
    2.    Заманауи тазарту станцияларын салу;
    3.    Бөлінген қаржыларға мемлекеттік аудит жүргізу;
    4.    Суды ауыл шаруашылығына бағыттап, фермерлерге қолдау көрсету.

«Бұл тек Іле ауданы емес, бүкіл Жетісу өңірінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сорбұлақты Үкімет ерекше бақылауына алуы тиіс!» – деп түйіндеді депутат Данияр Қасқарауов.