Ақтауда түркі елдерінің «Қорқыт ата» кинофестивалі басталды

Қазан айының 1-5 күндері аралығында Маңғыстау өңірі түркі елдерінің режиссерлері, актерлері, продюсерлері мен көрерменін тоғыстырған рухани және мәдени орталыққа айналады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кинофестиваль Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шара Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кино ұйымдарын біріктіреді.
Бұған дейін фестиваль Стамбұлда, Бурсада, Шушада және Анауда (Ашхабад) өтті. 2025 жылы алғаш рет Қазақстан түркі мемлекеттерін қабылдады. Себебі Ақтау қаласы биыл түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Ақтау шаһары түркі кинематографының жаңа орталығына айналды. Жиынға алғаш рет Мажарстаннан да мамандар қатысуда.