Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана ашылды

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың салтанатты ашылуы рәсімі өтті. Іс-шараға елдің мәдениет пен әдебиет саласының көрнекті өкілдері қатысты.
Сонымен қатар «Мұхтар Әуезовтің Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қатысушыларға жазушының немересі Зифа-Әлуа Әуезова бейнежолдау арқылы құттықтау білдірді.
Салтанатты рәсім кезінде Мұрат Әуезовтің жеке мұрағатынан алынған кітаптар Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне тапсырылды. Сондай-ақ Әлкей Марғұланның бұрын жарияланбаған «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» атты кітабының тұсаукесері өтті.
— Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ашылуы — руханият саласындағы маңызды оқиға. Бұл орын ұлы жазушының мұрасын ұлықтап қана қоймай, ұлттық әдебиет пен мәдениетті жаңа деңгейге көтеретін рухани орталыққа айналады. Мұхтар Әуезовтің мұрасы — халқымыздың рухани байлығының алтын тірегі. Осындай орталықтар бұл байлықты келер ұрпаққа жеткізетін сенімді көпір болмақ, — деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Жаңа мәдени нысан ішінде Мұхтар Әуезов пен Мұрат Әуезовке арналған мемориалдық зал ашылды. Экспозицияда жазушының жеке заттары, сирек кездесетін естелік бұйымдар мен мұрағаттық бейнематериалдар қойылған. Кітапханаға келушілер мұнда ұлы жазушының өмірі және шығармашылығымен таныса алады.
Фото: Алматы кітапханалары