2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға — 6,8 трлн теңге жұмсалады

Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға бөлінетін қаржының көлемін атады.
— 2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға — 6,8 трлн теңге бағытталды. Әлеуметтік саладағы негізгі шешімдердің бірі — әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктерін дамытуды бастау, және проактивті форматқа көшу. Бұл адами факторды азайтуға, бюрократияны қысқартып, көмек көрсетуді жеделдетуге алып келеді. Денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге көзделген. Бұл биылғы көрсеткішпен салыстырғанда 107 млрд теңгеге артық. Осының арқасында медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік туындайды, — деді ол.
Ведомство басшысы білім және ғылым саласына 902 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты.
Фото: naryk.kz