Азиялық Qazaq Kuresi Ассоциациясы құрылды
Бүгін Түркістан төріндегі Olympic Center спорт кешенінде ересектер арасында төл спортымыз – қазақ күресінен Азия біріншілігінің алауы жағылды.
Аталған дода барысында Qazaq Kuresi Ассоциациясының жиналысы өтіп, төл спортымызды ары қарай дамытуға бағытталған бірқатар мәселе көтерілді.
Атап айтсақ, қауымдастықтың жұмысына қысқаша есеп беріліп, стратегиялық бағдарды айқындап, шетелдік және облыстық федерацияларға тапсырмалар және есеп беру мерзімдері анықталды.
Одан бөлек Дамир Бекбосынов UWW және өзге де халықаралық федерациялармен жасалған серіктестік арқасында жарыстарды ұйымдастырудың электрондық заманауи Arena және Athena электрондық жүйелері толық қолданысқа берілгенін атап өтті. Осының барлығы Ассоциацияның кәсіби деңгейде және халықаралық стандарттарға сай қызмет етуіне мүмкіндік бергенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар ол Азиялық Qazaq Kuresi Ассоциациясының ресми түрде құрылып, жұмысын бастағанын ерекше атап өтті.
– Осы орайда Азиялық Qazaq Kuresi Ассоциациясы құрылғаны туралы жағымды жаңалықпен бөлісуге рұқсат етіңіздер. Бұл қазақ күресін Азиялық және Олимпиадалық кеңістікке шығару жолындағы келесі тарихи қадамдардың бірі екені сөзсіз. Бұл жаңа құрылым Азия құрлығындағы барлық ұлттық федерацияның жұмысын біріктіріп, бірыңғай даму стратегиясы мен жарыс күнтізбесін айқындайды. Сондай-ақ спортшылар мен жаттықтырушылардың халықаралық деңгейде аттестациядан өтуін қамтамасыз етеді және United World Wrestling (UWW) және Олимпиадалық Кеңес (OCA) стандарттарына толық сәйкес даму стратегиясын қалыптастырады, - деп атап өтті.
Фото: Күнсұлтан Отарбай