Президент қандастардың елге оралуын қолдайтынын айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген көлемді сұхбатында көші-қон мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Мемлекет басшысы қандастардың тарихи Отанына оралуын қолдайтынын атап өтті. Алайда олардың қазақстандық қоғамға бейімделу мәселесіне де ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
«Өткен жылы Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас келді. Олардың еңбекке қабілетті бөлігінің небәрі 15 пайызы ғана жоғары білімді. Осы себепті көпшілігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бейімделуде қиындықтарға тап болып отыр. Қандастар негізінен Алматы облысының халқы тығыз орналасқан аудандары мен елді мекендеріне, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласына қоныстануда. Бұл жайтқа орталық және жергілікті билік органдары, соның ішінде құқық қорғау құрылымдары назар аударуға мәжбүр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өткен жылғы сұхбатында айтқан пікірін еске салып, Қазақстанда заң алдында барша азаматтың тең екенін баса айтты.
«Бұл жерде ешқандай ерекшелік те, артықшылық та болмауы тиіс. Біз өркениетті әрі әділетті мемлекет құрып жатырмыз. Бұл мақсатқа тек заңның үстемдігі, сапалы білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті, еңбекқорлық, тәртіп және мемлекеттік рәміздерді құрметтеу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Елдің болашағы – дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында. Мемлекет басшысы ретінде олардың айрықша миссиясына әрдайым сенім артамын», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда