Ата заңның кіріспесі қайта жазылады
Ата заңның кіріспесі қайта жазылады. Одан басқа да кемшіліктерді түзеу керек болып тұр. Президент Конституциялық реформа сол үшін қажет деп түсіндірді. Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары тартылмақшы.
«Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек.
Біз Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.
Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Конституциямыздың кейбір тұстарын нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды.
Фото: zhaikpress.kz