Қоршаған ортаны қорғау бойынша Конституцияның екі бабын өзгерту ұсынылды
Конституцияда экологиялық деректерді жасырған лауазымды тұлғалар жауапкершілігін күшейту ұсынылды
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Конституциялық реформа комиссиясының үшінші отырысында қоршаған ортаны қорғау үшін Конституцияның преамбуласы мен екі бабына өзгеріс енгізуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, саяси реформадағы негізгі міндет – халықтың мүддесін қорғайтын, уақыт сынына төтеп беретін мінсіз, әділетті заңнамалық жүйе құру. Қарастырылып жатқан әрбір ұсыныс болашақ ұрпақтың еркін де әділетті қоғамда өмір сүруіне тікелей әсер етеді.
«Бір палаталы Парламент моделіне бет бұру және сайлау жүйесін толықтай пропорционалды негізге, яғни партиялық тізімдерге көшіру еліміздің саяси мәдениетін жаңа биікке көтеретін демократиялық серпіліс болмақ. Мемлекет басшысының өз квоталарынан бас тартып, өкілеттіліктерді Парламентке беруі – саяси партияларға артылған үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Осылайша біз саяси бәсекелестіктің сапалы жаңа деңгейін қалыптастырамыз», - деді Егізбаев елордада Конституциялық сот ғимаратында.
Сондықтан Конституцияның преамбуласын жаңа редакцияда «Біз, Қазақстан біртұтас халқы, табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын тани отырып, болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деген ұстанымды қолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ 31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін енгізіп, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мақсатын айқындауды, ал лауазымды тұлғалардың экологиялық деректерді жасырғаны үшін жауапкершілігін күшейтуді қажет деп санаймыз. 61-бап бойынша Құрылтайға қоршаған ортаны қорғау заңдарын реттеу құзіретін беру біздің экологиялық саясатымызға конституциялық күш береді деп білемін. Бұл ұсыныстар келер ұрпақ алдындағы біздің жауапкершілігімзді нақты айқындайды, - деді Серік Егізбаев.
Фото: qazaqparat.kz