«КӨКТЕМГЕ ХАТ…» ӘН-ЖЫР КЕШІ
11 ақпан күні, сағат 15:00-де Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінде (Достық 13, 225 мәжіліс залы, 2-қабат) ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегмановтың «Көктемге хат…» атты ән-жыр кеші өтеді.
Бұл – өлең мен әуен, сөз бен саз тоғысқан рухани жүздесу, сырласу кеші болмақ. Кездесу еркін форматта өтеді. Кеш барысында қазақ эстрадасының белгілі жұлдыздары ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындайды, поэзия мен музыка арқылы ұлттық рух, адамгершілік, отансүйгіштік тақырыптары кеңінен көрініс табады.
Қасымхан Бегманов 1958 жылы қыркүйек айының 20-жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Түркістан қаласына қарасты Бабайқорған орта мектебін, 1980 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы политехникалық институтының машина жасау факультетін бітірді. Тұңғыш жыр кітабы «Бастау» деген атпен студент кезінде «Жалын» баспасынан шыққан. «Жазушы» баспасынан «Қарашық» (1990ж.), «Бесіктен бейітке дейін» (1997ж.), «Өлке» баспасынан «Сағыныш» (2000ж.), «Ол көктем оралмайды» (2006ж.), «Атамұра» баспасынан «Менің Түркістаным» (2008ж.), «Қайнар» баспасынан «Ақ жаңбырлар әуені» (2010ж.), және «Ұшпақ» баспасынан екі томдық таңдамалы кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар «Дәстүр» баспасынан «Этногрофпен әңгіме» (бірінші басылым) (2010ж.), «Салты мықтының – халқы мықты» (екінші басылым)(2011ж.) «Өлке» баспасынан жарық көрді. «Мұстафа Шоқай жолымен атты екі томдық бірінші рет (2012ж.), мемлектті бағдарлама бойыншп екінші рет (2013ж.) көлемді тарихи-зерттеу еңбегі жарық көрді. «Мұстафа шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмі еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енген.
Елге кең тараған көптеген ән-өлеңдерінің авторы. Шығармашылық өмірбаяны ұлттық және қазақ әдебиеті энцеклопедияларында, топтама жырлары қазақ поэзиясының антологиясында жарық көрген. Ақын өлеңдері сондай-ақ орта мектеп оқулықтарының қазақ, өзбек тілдерінде шыққан хрестоматияларына енген.
