Әуе билеттеріндегі екі әріпке дейінгі қате енді тегін түзетіледі
2026 жылдың басынан бастап аты-жөніндегі екі әріпке дейінгі қателерді тегін түзетудің жаңа тәртібі енгізілді. Бұл шешім азаматтардың шағымдарын талдау нәтижесінде қабылданды.
«Азаматтардың өтініштерін талдау барысында әуе билеттерін рәсімдеу кезінде тегінде, есімінде және әкесінің атында кеткен елеусіз қателер үшін көптеген айыппұл салынғаны анықталды. 2025 жылы «Qazaq Air» АҚ (қазіргі атауы — Vietjet Qazaqstan) әуе компаниясы 3 815 жолаушының деректерін түзеткен, олардың басым бөлігі — екі әріпке дейінгі қателер»,- деп хабарлады Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.
Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасы әуе компаниясымен кездесу өткізіп, нәтижесінде жаңа тәртіп енгізілді.
Фото: egemen.kz