АҚШ Ресей мұнайына салынған санкцияларды жеңілдетуі мүмкін
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон шектеулерді ішінара әлсірету немесе жекелеген мемлекеттерге арнайы рұқсат беру нұсқаларын талқылауда. Мұндай жағдайда кейбір елдер, соның ішінде Үндістан, ресейлік мұнайды АҚШ санкцияларынан немесе қосымша баж салығынан қауіптенбей сатып ала алады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам әлемдік энергия бағасының күрт өсуін тежеуге бағытталған. Қазір мұнай бағасының қымбаттауына АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы әсер етіп отыр.
Алайда бұл шешім Ресейдің Украинадағы соғысқа жұмсайтын табысын қысқартуға бағытталған АҚШ саясатына қайшы келуі мүмкін.
Санкцияларды жеңілдету туралы ақпарат Дональд Трамп пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлескеннен кейін пайда болған.
Өткен аптада АҚШ Үндістанға ресейлік мұнайды уақытша сатып алуға рұқсат берген. Әңгіме Ресей порттарынан бұрын жөнелтіліп, танкерлерде тұрған мұнай туралы болған.
АҚШ Қаржы министрі бұл шешім Ресей үкіметіне айтарлықтай пайда әкелмейді деп мәлімдеді.
Егер Таяу Шығыстағы әскери жағдай шиеленісе берсе, АҚШ санкцияларды одан әрі жеңілдетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Ресейге теңіздегі танкерлерде тұрған жүздеген миллион баррель мұнайды сатуға мүмкіндік берілуі ықтимал.
Фото: egemen.kz