Ер рухты ұлықтаған кездесу
2026 жылғы 27 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиеті мен тарихындағы ірі тұлғалардың бірі, ғалым, ақын, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Қайым Мұхамедханұлының 110 жыл толуына арналған тағылымы мол, рухани маңызы ерекше кездесу өтті. Осы кездесу барысында «Ер қазақ» кітабының авторы, жазушы Дәулет Сейсенұлымен жүздесті.
Кездесуді журналистика факультетінің деканы Қ.Әуесбайұлы ашып, қонақтарды таныстырды және кездесудің маңызына арнайы тоқталды. Ол бұл басқосудың Қайым Мұхамедханұлының мұрасын жас ұрпаққа кеңінен танытудағы орны ерекше екенін атап өтті. Әрі қарай сөз тізгінін ақын, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып алып, іс-шараның мазмұнды әрі әсерлі өтуіне ұйытқы болды. Модератор ретінде ол әңгіме арнасын терең тақырыптарға бағыттап, Қайым Мұхамедханұлының тұлғалық болмысы мен ғылыми мұрасын жан-жақты ашуға ықпал етті. Өз сөзінде ол: «Әнұранды бірнеше адам бірігіп жазды, дегенмен негізгі мәтінді бастан-аяқ жазып шыққан Қайым Мұхамедханұлы. Қайым ағамызға осындай арнап құнды туындының шығуы оның артында іздеушілердің барының арқасында, осындай Дәулет Сейсенұлы сияқты шәкірттерінің барының арқасында, оған шүкір айтамыз. Қайымның әкесі Мұхамедхан орыс, араб, түрік тілдерін меңгерген өте сауатты адам болған. Алаш қайраткерлерімен етене араласқан жан. Осындай тұлғадан, киелі шаңырақтан шыққан бала Қайым. Мұхтар Әуезұлымен дос болған. Қайым Мұқаңнан 20 жас кіші болған, ал Қайымның әкесі Мұхамедхан ақсақал Мұқаңнан 27 жас үлкен болды», – деп Қайым тұлғасының тамыры тереңде жатқанын жеткізді.
Одан кейін сөз Дәулет Сейсенұлына берілді. Жазушы өз әңгімесін Қайымның өзінен бұрын, оның Қайым болып қалыптасуына ықпал еткен әкесі туралы айтудан бастады. Ол Қайымның әкесі Ахмет Риза медресесінде имам болғанын, сауда-саттықпен айналысқанын, Семейде шыққан «Абай» журналына қаржылай көмек беріп, қазақ әдебиетіне жанашырлық танытқанын атап өтті. Сонымен қатар Қайымның өз заманында аса сауатты, білімді, алғашқы меценаттардың бірі болғанын айта келіп, Ахмет Байтұрсынұлының аяғы енді ілінген кішкентай Қайымға үлкен үміт артып, «ендігі атымызды жарыққа шығарар осы Қайым болады» деген сөзін де еске алды. Осы арқылы Дәулет Сейсенұлы Қайым Мұхамедханұлының болашағынан ерте үміт күтілген айрықша тұлға болғанын айқын көрсетті. Жазушының айтуынша, «Ер қазақ» кітабы – тек бір тұлғаның ғұмырнамасы ғана емес, сонымен қатар ұлт рухының, қайсар мінездің, әділдік жолындағы күрестің көрінісі. Ол Қайым Мұхамедхановтың сталиндік қуғын-сүргін кезеңіндегі қиын тағдырын, ғылым мен шындық жолындағы табандылығын ерекше атап өтті.
Қайым Мұхамедханұлынан дәріс алған шәкірттер көп болмағаны айтылды. Солардың бірі – Әбубәкір Қайран. Ақын өз сөзінде Қайым Мұхамедханұлын өзіне ұстаз болған, жанына жақын адам ретінде ерекше ілтипатпен еске алды. Ол: «Өзіме ұстаз болған, жаныма жақын адам болған ол – Қайым ағам. Өлең оқығанымды ұнатып, сол жерден, сол сәттен бастап ол кісімен арақатынасымыз үзілген емес. Қайым ағама ол менің ұлы ұстазым дегенді қайта-қайта айта бергім келеді. Ол мені жақсы көргені соншалық, аудиторияда сабақта отырсам, есікті аша салып: «Қайранды босатып жіберші», – деп дәрістің үстінде алып кететін», – деп естелігімен бөлісті. Сондай-ақ, ол «Ер қазақ» кітабын оқығаннан кейін бір қуанып, шабыттанып өлең жазғанын айтып, сол өлеңін оқып берді.
Студенттер кездесуде авторға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Қайым Мұхамедханұлының өмірі мен атқарған қызметтерінен, құнды мәліметтер алды. Болашақ редакторлар мен дизайнерлер үшін мұндай жүздесулердің маңызы зор екені анық сезілді.
Кездесудің басты мақсаты – жас буынға ұлттық рухты, тарихи жадыны, елге деген адалдық пен азаматтық ұстанымды насихаттау болды. Іс-шара барысында Дәулет Сейсенұлы өз еңбегінің жазылу тарихымен бөлісіп, Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы, оның Абай Құнанбайұлы мұрасын зерттеудегі ерекше рөлі туралы кеңінен әңгімеледі.
Кездесудің қорытынды сөзін кафедра меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызы сөйледі. Ол Қайым Мұхамедханұлының табандылығына тәнті екенін айтып, оның ғалымдығы бір төбе екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ сол кезеңде де, қазіргі уақытта да текстологияны зерттейтін мамандар аз екенін, ал Қайым Мұхамедханұлы сол саланың алғашқыларының бірі болғанын айтты. Бұдан бөлек, оның Алаштану саласына қосқан үлесі де айрықша екеніне тоқталып, тәуелсіздік алғаннан кейін алаштану ұғымын бір ізге түсіріп, дамытып берген Қайым аға екенін тілге тиек етті.
Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдығына арналған бұл кездесу студенттерге ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның өмірі мен мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік беріп, тағылымы мол әсер сыйлады.
Осындай мазмұнды кездесулер студенттердің рухани дүниесін байытып қана қоймай, олардың кәсіби көзқарасының қалыптасуына да оң әсер етері сөзсіз.
Кафедраның аға оқытушылары:
Анар Қалибекқызы,
Махаббат Альмухаметова


