Тоқаев 1995 және 2026 жылдардағы Конституцияның басты айырмашылығын айтты.
Тоқаев 1995 және 2026 жылдардағы Конституцияның басты айырмашылығын айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық The National Interest журналында авторлық мақаласын жариялады. Онда мемлекет басшысы 1995 және 2026 жылдардағы Конституцияның басты айырмашылығын атаған.
Тоқаевтың пікірінше, жаңа Конституция кемелдену және болашаққа батыл қадам жасаған кезеңді білдіреді.
“Егер 1995 жылғы Конституция тәуелсіздік пен аман қалуға бағытталса, 2026 жылғы Конституция – кемелдену, жаңару және болашаққа батыл қадам жасау кезеңінің көрінісі. Енді 15 наурыз еліміз тарихи таңдау жасаған күн – Қазақстанның Конституция күні ретінде аталып өтеді. Осы шешуші кезеңде біз тарихын құрметтейтін әрі әділетті мемлекеттің негізін қалап отырмыз. Сонымен қатар технологиялық прогресті, экономикалық ашықтық пен жауапты халықаралық әріптестікті ілгерілетіп келеміз”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы жаңа Конституция тиімді басқару туралы ғана емес, ең алдымен адам құқығын қорғайтынын айтты.
“Алғаш рет Негізгі заңның ең көлемді бөлігі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналды. Құжат жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа, дербес деректерді қорғауға және тұрғын үйді негізсіз тартып алмауға кепілдік береді. Сонымен қатар сот билігінің тәуелсіздігін күшейтіп, әр азаматтың білікті әрі тәуелсіз құқықтық қорғауға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Енді болашақтағы барлық маңызды өзгерістер жалпыхалықтық референдум арқылы бекітіледі. Ал негізгі шешімдер халықтың өз қолында болады”, – деді президент.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның атқаратын функцияларына да тоқталды.
“Бұдан бөлек, жаңа Конституция ел дамуының стратегиялық негізін қалыптастырып, тұрақтылықты нығайтады. Оның жаһандық бәсекеге қабілетін арттырады. Мәселен, құжат меншік құқығын күшейтіп, зияткерлік меншікті қорғайды және экономикалық қызметке қатысты нақты ережелерді айқындайды. Сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан өңірлер үшін арнайы құқықтық режимдер енгізіліп, инновациялар мен өнеркәсіптің өсуіне серпін береді”, – деді Тоқаев.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі