Ақтөбе облысының басшысы әкімдік ғимаратында болған өртке байланысты жаңа мәлімдеме жасады
Ақтөбе облысының басшысы әкімдік ғимаратында болған өртке байланысты жаңа мәлімдеме жасады
Ақтөбе өңірінің әкімі Асхат Шахаров кеше облыстық әкімдік ғимаратында болған өртке байланысты мәлімдеме жасап, қазіргі ахуалды айтты
"Құрметті облыс тұрғындары! Кеше облыстық әкімдік ғимаратында болған өрт толық сөндірілді, жағдай тұрақты және бақылауда. Тағы айтайын, ең бастысы – зардап шеккендер жоқ, медициналық көмекке ешкім де жүгінбеді. Қазіргі уақытта арнайы комиссия өрттің себептерін анықтап жатыр", - деп жазды Асхат Шахаров Facebook желісіндегі парақшасында.
Облыс әкімі бұл мәселе жеке бақылауында екенін, жедел штаб жұмысын жалғастырып жатқанын, қазіргі таңда нақты іс-қимыл жоспары бекітіліп, барлық жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Біріншіден, ғимараттың техникалық жағдайын толық бағалау үшін сарапшылар тартылды. Айтып өтейін ғимараттың тек шатыры ғана жанды. Алтыншы қабаттағы кабинеттерге келген зақым айтарлықтай емес. Біз соңғы рет әкімдікке 2022 жылы жөндеу жүргіздік, оның ішінде тек жұмыс кабинеттері жаңаланды.
Екіншіден, түстен кейін, мамандардың көп бөлігі өз жұмыс орындарына оралады. Оған дейін мемлекеттік қызметтер онлайн, үздіксіз көрсетіледі.
Үшіншіден, өрттің себептерін анықтау бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.
Төртіншіден, қалпына келтіру жұмыстарының нақты жоспары әзірленіп жатыр.
Әр кезеңнің орындалуы менің жеке бақылауымда болады, ақпарат тұрақты түрде жарияланып отырады", - деді Ақтөбе облысының әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуірде Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимаратының шатыры өртенген еді.
Кейінірек өңір әкімі Асхат Шахаров журналистерге өртке қатысты ақпарат беріп, 8 сәуірде қызметкерлер онлайн форматта жұмыс істуі мүмкін екенін айтты.
Фото: facebook.com/aktobeakparat