Бір алтын, төрт қола: Азия чемпионатында қазақстандық балуандар қандай жетістікке жетуде
Бір алтын, төрт қола: Азия чемпионатында қазақстандық балуандар қандай жетістікке жетуде
Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы алтын жүлдесіне қол жеткізді. Одан бөлек финалдық бәсекелер қорытындысы бойынша Қазақстан балуандары төрт қола алған
Грек-рим күресінен бір балуанымыз алтын медаль үшін күрессе, төрт балуанымыз қола жүлдеге таласты.
Грек-рим күресінен 72 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Алматбек Аманбек финалда ирандық Мұхаммед Жавад Резаимен белдесіп, қарсыласын ұтты. Алғашқы секундттарда ирандық балуан алға шыққанымен, қазақ балуаны қарсыласынан айласын асырып кетті. Ол ирандық балуанды таза жеңіп (туше), ел қоржынына алғашқы алтындыы салды.
82 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін Ибрагим Магомадов бозкілемге шықты. Финалда жерлесіміз қытайлық Руи Люмен өзара мықтыны анықтады. Алғашқы үшминуттықта қарсыласы алға шыққанымен, екінші бөлікте Магомадов ширақ қимылдап, тиімді әдістермен есепті өз пайдасына бұрды. Қытайлық балуан отандасымызға белдесу аяқталғанша айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Ал өз басымдығын сақтап қалған Ибрагим Магомадов 5:3 есебімен қарсыласын тізе бүктірді, деп жазады Olympic.kz тілшісі өз шолуында.
Қола медаль иегерлерінің қатарында 87 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Нұрсұлтан Тұрсынов та бар. Қазақстандық "классик" үшінші орын үшін өткен белдесуде түрікменстандық Довлетмурат Байрамовпен күш сынасты. Отандасымыз алғашқы секундтардан-ақ айқын басымдыққа ие болды. Белдесу барысында Нұрсұлтан қарсыласына нағыз шеберлік сабағын көрсетіп, түрікменстандық балуанды белден асыра лақтырды. Нәтижесінде 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
97 келіге дейінгі салмақтың қола жүлдесі үшін Ислам Евлоев күресті. Қазақстандық балуан бұл кезеңде оңтүстіккореялық Минхо Лимен кім мықтыны анықтады. Белдесу басталғаннан-ақ отандасымыз басымдықты өз қолына алды. Қарсыласы бұл қарқынға ілесе алмай абдырап қалды. Ислам Евлоев бірнеше мәрте екі ұпайлық әдіс жасап, есепті 9:0-ге жеткізді. Осылайша Ислам Евлоев Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Бұдан бөлек қола медаль үшін Ербол Камалиев те күресті. Қазақстандық "классик" 60 келіге дейінгі салмақтың шешуші белдесуінде ирандық Али Абдоллах Ахмади Вафамен күш сынасып, қарсыласына жол берді.
77 келіге дейінгі салмақта Қаһарман Қисыметов қола медаль үшін бозкілемге шықты. Шешуші белдесуде ол өзбекстандық Дониерхон Накибовқа есе жіберді.
Тағы бірнеше қазақстандық балуан жарысты ширек финалда және іріктеу кезеңінде аяқтады. Атап айтқанда, 55 келіге дейінгі салмақта Нұрзат Қабдырахимов Иран балуаны Мохаммаду Панахисаниден жеңілді. 63 келіге дейінгі салмақта Сайфулла Құрман түрікменстандық Азатжан Ачиловқа жол берді. Бағдат Сабаз 67 келіге дейінгі салмақтың іріктеу кезеңінде оңтүстіккореялық Хан Чжа Чунға есе жіберді. Ал 130 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Джохар Узаров ширек финалда жапониялық Юта Нарадан жеңілді.
Осылайша Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен Азия чемпионатын бір алтын және үш қола медальмен аяқтады. Нәтижесінде ұлттық құрама жалпы командалық есепте 112 ұпаймен бесінші орынға ие болды. Иран құрамасы 195 ұпаймен көш бастады. Екінші орынға 153 ұпаймен Қырғызстан құрамасы ие болды. Үздік үштікті 136 ұпаймен Өзбекстан құрамасы иеленді.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы