Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Алматыда «Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Алматыда «Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтіп, жаңа кітап таныстырылды.

Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д, профессор Намазалы Омашев, ҚР Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, «Шалқар» радиосының ардагерлері мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиын Мемлекет басшысының құттықтау хатымен ашылды. Сенат және Мәжіліс төрағалары, Мемлекеттік Кеңесші, Премьер-министр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі де құттықтауларын жолдады. Радионың дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге марапат табысталды.

Арнаның 60 жылдығына орай жарық көрген «ҰЛТТЫҢ ҮНБАЙРАҒЫ» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған радио ардагерлері Сауық Жақанова, Руслана Құдайбергенова, Құсман Игісінов,  Намазалы Омашев, Әшірхан Телғозиев, «Асыл кітап» баспасының директоры Жасұлан Сейдахметов қатысып, сөз сөйледі.

Сонымен қатар мерейтой аясында қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланды. Байқау шарттары туралы толық ақпарат «Шалқар» радиосының сайтында.

Наурыз айының басында Алматы қаласындағы «Радио үйі» ғимаратында толық жөндеуден өткен студия ашылып, оған қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітованың есімі берілді.

Мерейтойлық шара барысында «Шалқар» радиосында әр жылдары еңбек еткен ардагерлер және қонақтар естеліктерімен бөлісіп, әсерлі кештің куәсі болды.