Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Алматыда Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай шара өтеді

Алматыда Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай шара өтеді

2026 жылдың 30 сәуірінде сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, баспагер-редактор, Абай атындағы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай дәстүрлі «Жұмаділов оқулары» аясында өтетін «Баспа үдерісіндегі әдеби шығарма: тарихи романдардың рецепциясы мен интерпретациясы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтеді.


Конференцияда мынадай мәселелер талқыланады:

  • Секция 1. Ұлттық тарихи жады және әдеби шығарма рецепциясы
  • Секция 2. Қабдеш Жұмаділов – жазушы, редактор


Конференцияға зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, Қабдеш Жұмаділовтың отбасы, әріптестері, шәкірттері, журналистика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы, танымал баспагерлер мен дизайнерлер, студенттер мен магистранттар, докторанттар және жас ғалымдар қатысады.


Қосымша ақпарат:

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында туған. Шәуешек гимназиясын бітірген. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958-62 жылдары Қытайдағы қуғын-сүргінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шықты.

«Қазақ әдебиеті» газетінде (1965-67), «Жазушы» баспасында (1967-76), Мемлекеттік баспа комитетінде (1976-81) жауапты қызметтер атқарды. 1981 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста болған. Жазушының әдеби қызметі Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде басталған. 1954 жылы «Шыңжаң газетінде» алғашқы өлеңдері жарық көріп, «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы «Шұғыла» журналында басылды.

Жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып шықты. Осыдан кейін жазушы бірыңғай проза жазуға ойысқан. «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, «Көкейкесті» романы 1969 жылы жарық көрді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгіме, хикаяттар, оншақты роман туды. Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған. Екі кітаптан тұратын «Соңғы көш» (1974- 1981), «Атамекен» (1985), «Тағдыр» (1988) романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. «Соңғы көш» диологиясына 1983 жылы М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Қос томдық «Дарабоз» (1996) романы тарихи тақырыпқа, «Саржайлау», «Сәйгүліктер», «Бір қаланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы» атты шығармалары бүгінгі заман тақырыбына арналса, «Қылкөпір» романы (2003) мен соңғы жылдары жазылған бір топ әңгімелерінде тәуелсіздіктен кейінгі өтпелі дәуір шындығы көрініс тапқан. Жазушы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында (1999) өзі өмір сүрген орта мен замандастары жайында сыр шертеді.  «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Дарабоз» романдары мен хикаяттар топтамасы орыс тіліне аударылып басылған. Жекелеген әңгіме, хикаяттары қырғыз, өзбек, ұйғыр, украин, белорус, грузин тілдерінде, «Соңғы көш» романы түрік тілінде жарық көрді.

Бүгінге дейін отызға тарта кітабы шықты. Негізгі еңбектері 2003-2004жж. «Қазығұрт» баспасынан шыққан он екі томдық шығармалар жинағына топтастырылған. «Мәңгілік майдан» (2008) кітабы жарық көрген. Медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1998 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» деген атақ берілді. «Парасат» орденінің иегері. Тарбағатай, Үржар және Аягөз аудандарының Құрметті азаматы. ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен (2018) марапатталған. Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).



ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ МЕКЕН-ЖАЙЫ:

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті.

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор А.Рамазан  

Ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары – Н.Тілеубаева

тел.: +7707-766-16-53