Биыл жазғы маусымда әуе билеттері қымбаттауы мүмкін
Биыл жазғы маусымда әуе билеттері қымбаттауы мүмкін
Таяу Шығыстағы жағдай әлемдегі көптеген әуе компаниясының жұмысына әсер етті. Бұл туралы Air Astana компаниясының басшысы Ибрахим Жанлыел мәлімдеді. Оның сөзінше, өңірдегі тұрақсыздық салдарынан халықаралық авиация саласында күрделі өзгерістер байқалып отыр.
Ибрахим Жанлыел бұл жағдайдың салдарын алдын ала болжауға болғанын айтты. Оның айтуынша, көптеген әуе тасымалдаушы бағыттар мен операциялық қызметте қиындықтарға тап болған.
Компания басшысы босаған тасымал қуаттары басқа бағыттарға қайта бөлінгенін жеткізді. Атап айтқанда, рейстер Қытай, Корея, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия және Кавказ бағыттарына күшейтілген.
Сонымен қатар, оның айтуынша, халықаралық транзиттік жолаушылар ағыны айтарлықтай артқан. Ол компанияның жаңа жағдайға тез бейімделгенін және қазірдің өзінде белгілі бір оң нәтиже көріп отырғанын атап өтті.
Ибрахим Жанлыел шығындар мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, авиациялық керосин бағасы 120 пайызға өскен. Бұл кез келген әуе компаниясы үшін ең ірі шығын баптарының бірі саналады.
Қазақстан мұнай ресурстарына бай ел болғандықтан, қажетті отынның едәуір бөлігін ел ішінде алу мүмкіндігіміз бар. Бұл біз үшін маңызды артықшылық, – деді компания басшысы.
Әуе билеттері қымбаттайды
Сондай-ақ ол жолаушыларға сапарларын алдын ала жоспарлауға кеңес берді. Әсіресе 2026 жылы жазғы демалыс кезеңіне билет бағасы қымбаттауы мүмкін екенін ескертіп, билеттерді ертерек сатып алуға шақырды.
Фото:freepik.com