Мемлекеттік туды балкон мен үйдің қасбетіне ілуге бола ма?
Мемлекеттік туды балкон мен үйдің қасбетіне ілуге бола ма?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мамандары «Мемлекеттік туды балкон мен үй қасбетіне ілуге бола ма?» деген сұраққа жауап берді. Сарапшылардың айтуынша, заңнама мемлекеттік рәміздерді азаматтардың еркін қолдануына мүмкіндік береді. Бірақ ол міндетті түрде белгіленген талаптар мен құрмет нормаларына сай болуға тиіс.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраеваның айтуынша, қолданыстағы заңнама мемлекеттік рәміздерді қорғауға ғана емес, оларға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға да бағытталған.
Алуа Ибраева мемлекеттік рәміздердің Қазақстан халқының ортақ игілігі екенін айтты. Кез келген азамат туды елге құрмет көрсетіп, патриоттық сезімін білдіруге пайдалана алады. Мемлекеттік туды тұрғын үйге, балконға, ғимараттың қасбетіне іліп, спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шара кезінде заңнамада белгіленген талапты сақтай отырып қолдануға рұқсат етілген.
– Мемлекеттік рәміздер мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына тиесілі. Азаматтар заң талаптарын сақтай отырып, Мемлекеттік туды, Елтаңба мен Әнұранды патриотизм мен ұлттық мақтаныштың көрінісі ретінде пайдалануға құқылы, - деді Алуа Ибраева Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.
Сонымен қатар сарапшылар мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен құрметтеу қатар жүруге тиіс екенін айтты. Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлау, оларды мазақ ету, әдейі бұрмалау немесе мемлекеттің қадір-қасиетін төмендететін мақсатта қолдануға тыйым салынады.
Брифинг кезінде мемлекеттік рәміздерді цифрлық кеңістікте пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс пен халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары, қауымдастырылған профессор Әсел Шәріпованың айтуынша, әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы жағдайында пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығының маңызы артып отыр.
Оның сөзінше, ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында мемлекеттік рәміздерді құрметсіз мәнмәтінде фотомонтаж жасау арқылы жариялау, сондай-ақ оларға қорлайтын сипаттағы материалдарды тарату бар.
– Цифрлық дәуірде интернет кеңістігінде мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жауапкершілікпен қараудың маңызы ерекше. Оларды құрметсіз пайдалану фактілерінің өзі мемлекеттік құндылықтар мен институттарға деген теріс көзқарастың қалыптасуына әсер етуі мүмкін, - деді Әсел Шәріпова.
Сонымен бірге спикер мұндай жағдайларды қарастыру кезінде нақты мән-жайлар, суретті пайдалану мақсаты мен мемлекеттік рәміздерді қорлау ниетінің болған-болмағаны да ескерілетінін айтты.
Фото: Виктор Федюнин