Тоқаев Пашинянды партиясының жеңісімен құттықтады
Тоқаев Пашинянды партиясының жеңісімен құттықтады
Мемлекет басшысы бүгін, 2026 жылғы 8 маусымда Армения премьер-министрі Никол Пашинянды "Азаматтық келісім" партиясының парламенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады
Көптеген халықаралық байқаушының алдын ала мәліметінше, сайлау елдің қолданыстағы сайлау туралы заңнамасына сай, ашық әрі азаматтардың еркін білдіруіне тиісті жағдай жасала отырып өткен.
Ақорда мәліметіне сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның Армения елінің ұзақмерзімді ұлттық мүддесі жолындағы қызметте табысқа жете беруіне тілектестік білдірді.
Сондай-ақ, президент Қазақстан достас Армениямен барлық салада өзара мүддеге сай белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев армян халқына мемлекеттілікті дамытуда сәттілік, бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.
2026 жылғы 7 маусымда Арменияда Ұлттық жиналысқа кезекті парламент сайлауы өтті. Никол Пашинян жетекшілік ететін "Азаматтық келісім" партиясы, 50 пайыздан астам дауысқа ие болды. Никол Пашинян жеңіске жеткенін мәлімдеп, оның партиясы үкіметті өздігінен құрып, билікті жеке дара қалыптастыра алатынын айтты.
Фото: Ақорда