Қазақстан тарихындағы Сенаттың соңғы отырысы өтті
Қазақстан тарихындағы Сенаттың соңғы отырысы өтті
“Құрметті әріптестер, алда бізді дамудың жаңа кезеңі, ауқымды әрі жауапты міндеттер күтіп тұр. Сенаттың 30 жылдық мол тәжірибесін жалғастырып, жаңа форматта және жаңа мәртебеде жұмысын бастайтын Құрылтайға сәттілік тілейміз! Еліміз өркендеп, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, халқымыз ел игілігі жолында әрдайым бірлікте еңбек ете берсін”, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, Сенат 30 жыл ішінде жалпы саны 890 пленарлық отырыс өткізіп, онда 3 500-ден астам заң қабылданған.
Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап бұрынғы Конституцияның күші жойылады, ал оның қабылданған күні – 15 наурыз мемлекеттік мереке, яғни Конституция күні болып белгіленеді.
Қазіргі Конституция негізінде жұмыс істеп отырған Парламент (Мәжіліс пен Сенат) та осы күні өз жұмысын тоқтатады. Президент бір айдың ішінде жаңа бір палаталы Парламент яғни Құрылтайға сайлау өткізетінін жариялайды, ал сайлау екі айдың ішінде өтуі керек.
Еске салайық, Президент парламенттік реформаны 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған болатын. Сол кезде Парламенттің бір палаталы болатыны, ал Сенат пен Мәжілістің таратылатыны мәлімделді. Сондай-ақ Конституцияға енгізілетін қосымша түзетулерді әзірлеуі тиіс жұмыс тобы құрылды.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында мемлекеттік хатшы лауазымын қысқартып, оның орнына вице-президент институтын енгізуді ұсынған еді. Кейін конституциялық заң жобасында вице-президенттің мәртебесі, өкілеттіктері, тағайындалу тәртібі мен оған қойылатын талаптар нақтыланды. Жаңа нормаға сәйкес, вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, мемлекет басшысы қызметінен мерзімінен бұрын кеткен жағдайда оның өкілеттіктерін қабылдайды.
Фото: Парламент тікелей эфирден скрин