ЕҰУ жаңа оқу жылына дайын: студенттерге жатақханаларда 7,5 мың орын ұсынылады
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2026–2027 оқу жылына арналған жатақханаларға орналасу үшін өтініш қабылдауды жалғастыруда. Жатақханаларда орын жеткілікті: биыл студенттерге университеттің жеке жатақханалары мен серіктес нысандарда жалпы 7 508 орын ұсынылады.
Бүгінде ЕҰУ қарамағында 8 жеке студенттер үйі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 3 жаңа кешен және ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жұмыс істейтін 6 жекеменшік жатақхана бар. Қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінген: кіреберісте Face ID жүйесі орнатылған, ал қабаттарда бейнебақылау камералары жұмыс істейді.
Жатақханалардағы орындарды бөлу кезінде әлеуметтік осал санаттарға жататын студенттерге, халықаралық және академиялық бағдарламалардың қатысушыларына, сондай-ақ Foundation бөлімінің тыңдаушыларына басымдық беріледі.
Жаңа студенттер үйіндегі орындарды бөлу процесі ЕҰУ-дің цифрлық платформасы арқылы онлайн жүргізіледі. Жүйе студенттің әлеуметтік жағдайы мен оқу үлгерімін ескеріп, орындарды бөлудің барынша ашық әрі әділ болуын қамтамасыз етеді.
Студенттерді жатақханаларға орналастыру 31 тамызға дейін жүргізіледі. Өтініштер Platonus жүйесі арқылы қабылданады.
Алдымен орындар 1-курс студенттеріне, кейін 2–5-курс студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға беріледі.
Фото: enu.kz