1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
1 қазаннан бастап қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болады?
Қарттар күні
1 қазан күні елімізде қарттар күні аталып өтіледі. Халықаралық қарттар күні – 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды.
Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі.
Мұғалімдер күні
Қазақстандық ұстаздардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанда аталып өтіледі.
Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні 2023 жылға дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі мерекелейді.
Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні білім саласына елеулі еңбек сіңірген кәсіби мамандар марапатталады.
Кәсіби мереке ең көп ай
Қазанда бірнеше кәсіби мереке бар.
Олар:
Радио күні – 1 қазан;
Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні – 6 қазан;
Қазақстан кәсіптік одақтарының күні – 10 қазан;
Құтқарушы күні – 19 қазан;
Орман шаруашылығы қызметкері күні – қазанның үшінші жексенбісі;
Кітапханашы күні – 24 қазан;
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні – қазанның соңғы жексенбісі;
Күзет ұйымдарының қызметкерлері күні – 29 қазан.
Республика күні
Қазанда елімізде Республика күні атап өтіледі. Осыған байланысты қазақстандықтарға демалыс беріледі.
Электрондық үкімет сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Бұл күн биыл жексенбіге сәйкес келеді. Соған қарамастан қазақстандықтар үшін қосымша бір күн демалыс болады.
Республика күні 25 қазан жексенбіге түскендіктен отандастарымыз 26 қазан дүйсенбі күні де демалады.
Бес күндік жұмыс аптасы бойынша жұмыс істейтін отандастарымыз үш күн қатарынан демалады:
24 қазан, сенбі – демалыс;
25 қазан, жексенбі – демалыс;
26 қазан, дүйсенбі – демалыс.
Алматыда 1 қазаннан бастап су мен кәріз тарифі қымбаттайды
1 қазаннан бастап «Алматы Су» жаңа тарифтер енгізеді. Тұрғындар үшін 1 текше метр судың құны ҚҚС-пен 178,06 теңге, ал су бұру қызметі 119,46 теңге болады.
- Бизнес үшін су – 362,18 теңге, су бұру – 264,75 теңге.
- Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар үшін су – 649,60 теңге, су бұру – 189,14 теңге.
Есептегіші жоқ бір адам үшін суық сумен жабдықтау мен су бұру қызметінің жалпы құны айына 4462,75 теңге болады.
Бақша, көгал, гүлзар мен ағаштарды суару үшін бір сотыққа ай сайын 1780,60 теңге белгіленген. Суару маусымы 15 сәуірден 15 қазанға дейін жалғасады, суды 23:00-ден 05:00-ге дейін пайдалануға рұқсат.
Қазақстанда жұмыссыз мәртебесін беру тәртібі өзгереді
1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыз мәртебесін беру алдындағы қолайлы жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады.
Осы уақыт ішінде Мансап орталығының мамандары азаматтың еңбек тәжірибесін, білімі мен кәсіби дағдыларын зерделеп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен де байланысады.
Егер қолайлы жұмыс 13 күнге жетпей табылса, белгіленген мерзімнің аяқталуын күтудің қажеті жоқ. Жұмыс іздеуші ретінде Мансап орталығы, eGov порталы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелуге болады.
Шаруалар қаржы алуға өтініш беру алады
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы 2026 жылғы 1 қазаннан бастап «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға өтініш қабылдауды бастайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%.
«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 2026 жылы 1 қазанда басталады.
Ерте қаржыландырудың тиімділігі өз нәтижесін беріп келеді. Сала кәсіпкерлері үшін бұл бүкіл өндірістік кезеңге алдын ала дайындалу үшін өте зор мүмкіндік. Атап айтқанда, қажетті ресурстарды сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеп, алдағы шығындарын жоспарлайды.
Валюталық депозиттердің мөлшерлемесі өседі
Валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер көтеріледі. Өзгеріс 1 қазаннан бастап күшіне енеді.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) мәліметінше, өзгеріс тек мерзімі 12 айдан асатын жинақ депозиттеріне қатысты болады. Бұл депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін көтеріледі.
Жаңа мөлшерлемелер 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын депозиттерге ғана қолданылуы мүмкін.
ҚДКҚ бұл мөлшерлемелердің ұсынымдық сипатта екенін атап өтті. Яғни әр банк өз депозиттері бойынша пайыздық мөлшерлемені дербес белгілейді.
Жылжымайтын мүлік иелері салық төлеуі керек
2025 жылға арналған мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады.
Салық сомасын банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, сол жерден төлеуге болады.
2 қазаннан бастап салық бойынша берешегі бар азаматтарға хабарламалар жіберіле бастайды. Егер салық төленбесе, Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада көзделген берешекті өндіріп алу рәсімін бастайды.
Сондықтан хабарлама алған жағдайда ондағы соманы есептелген салық мөлшерімен және төлем түбіртегімен салыстырып тексерген жөн.
Оқушылар каникулға шығады
Оқушылар бірінші тоқсанды аяқтап, каникулға кетеді.
Бірінші тоқсан 8 оқу аптасына созылады. Күзгі каникул 2026 жылғы 26 қазаннан 1 қарашаны қоса алғанға дейін, яғни 7 күнге созылады.
Жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы тәртібі өзгереді
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізіледі. Жәрдемақы төлеу мерзімі үш аймен шектеліп, оның ай сайынғы ең жоғары мөлшері 267 750 теңгені құрайды.
Жаңа тәртіп осы күннен бастап әлеуметтік төлем алу құқығы туындайтын азаматтарға қатысты болады.
Әлеуметтік төлемді әрі қарай алу үшін азамат жұмыссыз мәртебесін сақтауы керек. Егер мансап орталығы жұмыссыз азаматқа лайықты үш жұмыс орнын ұсынып, ол олардың барлығынан бас тартса, оны жұмыссыз ретінде есептен шығаруы мүмкін. Бұл жағдайда әлеуметтік төлем тоқтатылады.
Фото: BAQ.KZ