Алтай Көлгінов: «Биыл былтырғыдан 5 есе көп қар жауған...»
Елімізде соңғы бір апта көлемінде ауарайының қолайсыздығына байланысты республикалық және қала мен ауыларалық біршама жолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Тіпті елорданың өзінде мектеп оқушылары үшін сабақ тоқтатылды. Біз бүгінгі хабарымызда осы және өзге де сұрақтарға жауап іздейтін боламыз. Осыған байланысты студиямызға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов арнайы келіп отыр. Ендеше Алтай Сейдірұлы, қара шаңырақ Қазақ радиосына қош келдіңіз...
-Рахмет қош көрдік...
Алтай Сейдірұлы, Қаланы қардан тазалау жұмыстарына өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
-Қазіргі уақытта табиғат тосын мінез көрсетіп, бізді қатты сынап отыр. Өздеріңіз куә болғандай 3-4 күн борандатып, қар жауып енді басылған бойда екінші боран басталды. Ол біріншіден де қатты болды. Егер бірінші боранда желдің күші 25 мерт секундына болса, екінші боран 28-30 метр секундына дейін жетті. Сондықтан қалаға кіретін және шығатын тас жолдардың барлығы жабылды. Көшеде қалып қойған азаматтардың бәрін төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері құтқарды. Олардың саны 1020 адам. Арасында 7 жүкті әйел, 46 бала бар. Ең бастысы азаматтарымызды құтқарып қалдық. Әрине, біздің коммуналдық мекемелерге салмақ түсіріп жатыр. 6 полигонның екеуі қарға толды. Бүгін жинаған қар ертесі қайтадан қала көшелерін басып қалып жатыр. Бірақ оған алаңдаудың қажеті жоқ. Тек аздаған уақыт керек. Бірінші кезекте үлкен жолдарды ашуымыз керек. Себебі бұл жолдарда жеңіл көлік түгілі үлкен көлікпен жүру қиын.
Қанша техника жұмылдырылып жатыр?
-1200 техника жұмылдырылды. Оған қоса жеке меншік азаматтардың да техикасын алып жатырмыз. Сондай-ақ 1700-ге жуық азамат жұмылдырылды. Боран соғып жолдар жабылып қалғалы іргелес жатқан аудандардағы қызметкерлеріміз де қалаға жете алмай отыр. Соған қарамастан жұмыс тоқтаған жоқ. Бірінші кезекте үлкен жолдардың тынысын кеңейтеміз. Содан кейін аулаларды тазалаймыз.
Өзіңіз атап өткендей, тұрғындар тарапынан көп түсетін шағымдардың бірі аулаларға қатысты. Әрбір тұрғын-үйдің ауласын тазалауға кім жауап береді?
-Тұрғын-үй аулаларын тазалауға Пәтер иелерінің коперативі (КСК) жауапты. Қалғанын тиісті мекемелер тазалайды. Ол «Астана тазалық». Олардың міндеті күре жолдарды тазалау. Одан бөлек тағы 60 жекеменшік компания бар. әрқайссының өз міндеті бар. Бұндай қар көптен бері болмаған. «Қазгидромет» айтқандай, осы жылдың қаңтар айында 50 миллиметр қар жауса, өткен жылы 10 миллиметрден аспаған. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда 5 есе көп деген сөз. Ал норма болса 16 миллиметр. Қар ол бір, оған қоса боран да салмақ салып жатыр. Оны біз мойындауымыз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Қазір бізге волонтерлар, жастар және қоғамға белгілі азаматтар көмектесіп жатыр. Бұл біздің бауырмалдығымызды көрсетеді. Қолғабыс етіп жатқан баршаға алғыс айтамыз.
Қыс түссе болды қоғамдық көліктердің қатары сиреп кететіндей көрінеді. Күнде аялдамада бүрсең қағып тұрған жолаушыларды көреміз. Осының себебі не? Автобус тапшы ма?
-Қоғамдық көліктерді жыл сайын жаңартып отыру керек. Бізде 1024 автобус бар. Және 6 автопарк бар. Соның біреуі өз міндетін орындамай, қарызға батып, жабылды. Соның салдары қаладағы қоғамдық көліктердің тапшылығына алып келмес үшін қалғандарына бөліп бердік. Бүгінде қаланың шеткі аймақтарына бару қиынға соғып отыр. Боран басылғаннан кейін оның бәрі ретке келеді.
Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин Нұр-Сұлтан қаласында ауарайының қолайсыздығына байланысты «төтенше жағдай режимі жарияланды» деген болатын. Алайда қаладаға жұмыс уақытын қысқарту бойынша ешқандай тапсырма берілген жоқ. Неге?
-Бірінші кезекте азаматтардың қауіпсіздігі. Ондай ұсыныстар мен тапсырмалар болды. Нақты айтсақ, балабақша, мектеп, және оқу орындарының дәрісін тоқтаттық. Өйткені қалада жүріс қиындап кетті. 100 -ге жуық көлік апаты тіркелді. Бірақ ешқандай адам шығыны болған жоқ. Бүгінде коммуналдық мекеме қызметкерлері қаладағы қарды жинау үшін 3 ауысыммен жұмыс істеуде. Олар да пенде. Оларды да түсінуіміз керек. Сондықтан олардың осы бір бейнетін ескеріп, қаржылай сыйақы тағайындадық.
Мамандар «Қардың көп түсуіне байланысты көктемде елорданы су басу қауіпі бар» дейді. Расында қазір қардың бәрін сыртқа шығарып жатырмыз. Ертең ол еріп қалаға су болып келмей ме?
-Ондай қауіп бар. Алдымызда ақпан айы бар. Тіпті наурыздың өзінде көктем бірден шыға қоймайды. Қыс әлі біткен жоқ. Күтіп тұрған жұмыс көп. Әсіресе жеке секторда біз қарды әрі қарай шығарамыз. Жұмыс тоқтамайды. Кешегі боранға байланысты біздің полигондардың да жолы жабылып қалды. Сондықтан қарды жақын араға уақытша жинадық. Жол ашылған бойда оны ары қарай шығарамыз. Матрезервтен қосымша техника сұрадық. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ.
Алтай Сейдірұлы, тұшымды жауабыңызға рахмет. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Азамат Жомартұлы.