Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«Қазақ радиолары»: кеше, бүгін, ертең

«Қазақ радиолары»: кеше, бүгін, ертең
1.  «Қазақ радиосы» – 1921 жылдан бастау алатын ұлттық бренд. Сондықтан, мекеме атауы қанық ұлттық бояуға сәйкестендіріліп «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС болып өзгертілді. Сонымен қатар, «1921» деген сан арнайы назарға алынып, серіктестік логотипіне айналды. Радионың ғасырлық тарихы осы бойтұмар арқылы көпшілікке насихатталуда.

2. Радионың кескін-келбеті өзгеріп, әлеуметтік-қоғамдық бағытқа басымдық берілді. Нәтижесінде, серіктестік құрамына кіретін 4 радионың нақты бағыты анықталды:
  • Қазақ радиосы – барлық саланы қамтитын ұлттық әлеуметтік-қоғамдық радио;
  • «Шалқар» радиосы – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани-мәдени бағыттағы радио;
  • «Астана» радиосы – жастар мен елорданың тыныс-тіршілігіне арналған радио;
  • «Классик» радиосы – классикалық музыка мәдениетіне негізделген радио.
3. Радионың прайм-тайм уақыты қызықты бағдарламалармен толықтырылды. «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС-на қарасты радиолардың бренд ретінде танымалдылығы артты. Радио бағдарламаларының мақсаты мен міндеті айқындалып, бір сарынды хабарлар қысқартылды. Сонымен қатар, ұзын-сонар хабарлар заман талабына сай ықшамдалды. Яғни, мазмұны жағынан бірін-бірі қайталайтын және жалпы жұртты жалықтырып жіберетін сапасыз дүниелер жойылды. Эфирлік кесте саясаты тыңдаушының талабы мен талғамына сай қайта жасақталды. Себебі, қазіргі тыңдаушы соны ақпарат, түсінікті һәм тұщымды мәліметті қалайды.

4. Сандық жүйеге көшу: Әр радио-дербес телеарна
  • 2017 жылдың сәуірінен бастап «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС студияларға қарапайым смартфондар орнату арқылы Instagram және Facebook желілеріне тікелей эфирге шықты. Бұл – қаржылық қолбайлауға байланысты қабылданған уақытша шешім болатын. 2018 жылдың мамырынан бастап радионы визуализациялау жоспары бойынша Қазақ радиосының тікелей эфир студиясына 360 градустық кәсіби робот камералар орнатылды. Осы құрылғылар арқылы Қазақ радиосы Instagram, Facebook, qazradio.fm ресми сайтында және YouTube арнасында тікелей эфирде, тестік режимде хабар тарата бастады. Қазақ радиосы видеовизуалицазиямен толық қамтылып, тестілеуден өткеннен кейін, жыл соңына қарай, «Шалқар», «Астана» және «Классик» радиоларына да бейнекамералар орнатылады;
  • 2019 жылдан бастап «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫН» телеарналармен қатар, отандық «Оtau-tv» спутниктік желісіне дербес арна ретінде қосу жоспарланып отыр. Бұл жаңашыл қадам – отандық радио кеңістігі арасында ең алғашқы батыл бастама болмақ.
5. Интернет - редакция:
  • 2016 жылдың соңында qazradio.fm ресми сайтының тұрақты 2 000 оқырманы болса, бүгінде оқырман саны 11 000-нан асты. Радио сайтын былтыр 1 айда 2 000 адам қараса, қазіргі таңда 1 күннің өзінде 2 000 адам назар салады.
«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫНЫҢ» әлеуметтік желідегі көрсеткіштері (4 радионы қоса есептегенде):
  • Facebook – 30 027 жазылушы (былтырмен салыстырғанда 42% артты!);
  • Instagram – 39 566 жазылушы (былтырмен салыстырғанда 16 есеге өсті!).
  • Әр радионың жеке сайты бар: «Қазақ» радиосы - qazradio.fm, «Шалқар» радиосы - shalqar.fm, «Астана» радиосы - astana.fm, «Классик» радиосы - classicfm.kz. Қазақ радиоларының «Qazaqstan» құрамында мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр, таяу арада подкасты бар интеллектуалды-мобильді қосымша ашу жоспарланып отыр.
6. Халықаралық байланыстар:
  • Түркияның мемлекеттік «ТRT» телерадио корпорациясымен әріптестік келісім жасалып, өзара тәжірибе және имиждік хабарлар алмасу қолға алынды. Түркия тарапы жыл сайын «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС-нің 15 қызметкерін ақысыз тәжірибе алмасуға арнайы шақырып тұратын болды;
  • Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттерімен бірлескен жобалар дайындау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қырғыз елінің мемлекеттік телерадиокомпаниясының өтініші бойынша оларға Шыңғыс Айтматовтың шығармалары желісінде жазылған «Алтын қорымыздағы» радиоқойылымдар табысталды;
  • Кадрлардың кәсіби деңгейін көтеру, біліктілігін арттыру, білімін жетілдіру мақсатында Англия, Франция, Бельгия, Қатар, Германия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина мемлекеттерімен кәсіби мүдде аясында ынтымақтастық орнату және коммерциялық бағытта келіссөздер жүргізілуде. Халықаралық қарым-қатынас аясы жыл санап кеңейіп келеді. Радионың басты мақсатының бірі – талғамы биік жас мамандардың машығын арттыру.
7. Фриланс – заманауи сұраныс!


Серіктестік әр саладағы білікті мамандарды фрилансер ретінде жұмысқа тартуды қолға алды. Бұл әлемдік озық тәжірибе – отандық БАҚ үшін таңсық емес. Мәселен, «Хабар 24» телеарнасы алыс-жақын 8 мемлекетте меншікті тілші ретінде фрилансер маман ұстап отыр. «Қазақстан» ұлттық арнасы да осы ұтымды тәсілге көшкен. Сондықтан жаһандану үдерісіндегі жаңашыл қадамды жатырқамай, қолданысқа енгіздік.


8. Жаңалықтар:


Сағат сайын шығатын «Жаңалықтардың» ұзақтығы 15 минут болатын, осы 15 минутты толтыру үшін арзан ақпараттар да таратылатын. Қазіргі жаңалықтардың ұзақтығы - 5 минут. Осы уақыт ішінде қажетті деректер, өзекті мәселе, соны жаңалық, тың ақпараттар берілуде және бұл тыңдаушы тарапынан қолдау тапты. Жаңалық жүргізушілері де кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Бұрын әр радионың өз жаңалықтар қызметі болатын. Радиодан таратылатын ақпарат үндес, мекеме бір болғандықтан, барлық радиоға ортақ бір жаңалықтар қызметі құрылды. Қазір ол «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫНЫҢ» Жаңалықтар қызметі деп аталады.

9. Жетістіктер:


«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігі ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі 2017 жылы ұйымдастырған «ҮРКЕР» ұлттық сыйлығының екі дүркін иегері атанды. ҚР Парламенті Мәжілісінің «ПАРЛАМЕНТ СӨЗІ» сыйлығын жеңіп алды.

10. Музыка саясаты. Радиода музыка үлесі 30-40% болатын, оның музыкалық-эстетикалық және техникалық сапасы да төмен еді. Бұл тыңдаушының талабы мен сұранысын қанағаттандырмағандықтан, радио рейтингі де төмен болды. Осы жағдайлар ескеріліп, серіктестікте «Музыка қызметі» құрылды. Соның арқасында, музыканың үлесі 70% жетіп, тиісінше, радионың рейтингі де өсті. Оның 20% халық музыкасына арналған бағдарламалар, 11% ретро, 39% заманауи музыка. Эфирге жанды дауыста айтатын әншілер мен ВИА топтарға арналған «Ән саlike» жобасы шықты. Эстрада жұлдыздарының «Ән-шеру» ұлттық радиобайқауы өтіп жатыр.

11. Әлеуметтік басымдық.


Радионың мақсаты – мемлекеттік саясатты насихаттау, қоғамның саяси, құқықтық сауаттылығын арттыру, қайырымдылыққа, қамқорлыққа үндеу. Сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттап, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, мемлекеттік тілдің дамуы мен дәстүр сабақтастығын сақтауға үлес қосу. Осы мақсатта Қазақ радиосынан тыңдаушы қауым аңсап күткен, ең өзекті мәселелердің түйінін шешетін «Бармысың, бауырым?», «Жан жылуы», «Ақ отау» және «Жан әлемі» хабары ашылды:
  • «Жан жылуы». Мейірім мен қамқорлыққа, қаржылай қолдауға зәру жандарға арналған «Жан жылуы» бағдарламасы осы күнге дейін өз кейіпкерлеріне 49 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті. «Жан жылуы» – Қазақстанның түкпір-түкпірінен жәрдем сұрап келетін кейіпкерлер мен жомарт жандардың арасындағы алтын көпірге айналды;
  • «Бармысың, бауырым?». Ай мен күннің аманында қиын жағдайға тап болған миллиондаған адам жақынынан айырылып қалады: олардың бірі – тағдыр тауқыметін тартса, енді бірінде туыстары мен жақынына хабарласу мүмкіндігі болмайды. «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының басты мақсаты – жақынын іздеген жандардың қауышуына дәнекер болу. Хабар 2017 жылдың 4 қазанында ашылды, осы күнге дейін 406 адамға іздеу салынды. 61 адам табылды;
  • «Ақ отау».  Бүгінде елімізде отау тіккен жастардың жартысына жуығы ажырасып кетеді. Қоғамда қордаланған мәні зор мәселені шешуге үлес қосу мақсатымен ашылған «Ақ отау» хабары берекелі, мерейлі отбасын насихаттайды. Көп балалы әулет – еш қиындыққа қарамай, отбасылық құндылықты, махаббат пен қамқорлықты сақтап келе жатқан қоғамдық топтың бірі. Хабар арқасында отбасының тұтастығын сақтап, жарасым тапқан жастар алғысын жаудыруда;
  • «Жан әлемі». Жүргізуші-психолог хабар барысында тыңдаушы көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, пайдалы кеңестер ұсынады. Кей хабарларда тыңдармандарға психологиялық тапсырмалар да беріп отырады. Аталған хабарлар алғашқы күннен бастап өз мақсаты мен міндетін мінсіз атқарып келеді.
12. Рухани жаңғыру.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көргеннен кейін Қазақ радиоларында 2017 жылдың 12 сәуірі мен 2018 жылдың 25 мамыры аралығында 3.727 жаңалықтар ақпараты, 387 бағдарлама, 30 аудиоролик эфирге шықты.

13. Радионың эфирден тыс қоғамдық белсенділігі.
  • Алғыс айту күніне орай «Қазақ радиолары» ЖШС-і 2018 жылдың 27 ақпанында «МЫҢ АЛҒЫС!» қайырымдылық концертін өткізді. Игі шараның мақсаты: «Бармысың, бауырым?», «Жан жылуы», «Ақ отау» хабарларының жұмысы арқылы мейірім мен қамқорлықты насихаттау болды. «МЫҢ АЛҒЫС!» қайырымдылық концертінде «Бармысың, бауырым?» хабарының кейіпкерлері – ана мен бала араға 22 жыл салып, сахнада алғаш рет табысты. Хабар кейіпкерінің бірі – Дүрдана есімді 16 жастағы зағип бойжеткен жарық дүниені 14 жылдан кейін көрсе, «МЫҢ АЛҒЫС!» қайырымдылық кешінде жиналған 2 миллион 940 мың теңгетуабітті суқараңғылық диагнозы қойылған 1 жасар Арманның еміне жұмсалды. Сондай-ақ, ізгілікке үндеген шарапаты мол шараға жасы мен ұлтына қарамай жетімдер үйінен 11 баланы асырап алған Ақмола облысындағы Қошқарбай ауылының тұрғындары да арнайы қатысты. Қайырымдылық кешіне жиналған қалың қауым Қошқарбай ауылының тұрғындарына орнынан тік тұрып, ерекше құрмет көрсетті. «МЫҢ АЛҒЫС!» қайырымдылық концерті «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан көрсетіліп, жоғары рейтингке ие болғандықтан, эфирден қайталап берілді;
  • Қазақ радиосы Астананың 20 жылдығына орай «ЕЛБАСЫ және ЕЛОРДА» атты мүшәйра ұйымдастыруда. Шараның мақсаты – Астананың әлемдік қауымдастық алдындағы абырой-беделін және егемен еліміз үшін геосаяси маңызы мен алар орнын, даму сатыларын өлеңге арқау ете отырып, Елбасының ерен еңбегін көрсету. Сол арқылы Елді, Жерді, Отанды құрметтеудің үздік үлгісін өскелең ұрпаққа өнеге етіп, өрелі өрендер санасына сіңіру;
  • «Бабалар ізімен» радиоэкспедициясын ұйымдастыру. Мақсаты – еліміздің тарихи орындарын аралау, ел ішіндегі өнер өкілдерімен және танымал тұлғалармен кездесіп, өңірлер туралы қызықты һәм мазмұнды мағлұматтар жинақтау, танымдық хабарлар ұйымдастыру және сол аймақтарда «Қазақ радиоларын» насихаттау;
  • Қазақ Радиоларының жүлдесі үшін халықаралық айтыс ұйымдастыру;
  • «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» жүлдесі үшін БАҚ арасында бильярдтан жарыс өткізу;
  • «Қазақ радиосы» премиясы» концертін ұйымдастыру. Шараның мақсаты – 2018 жылғы «Үздік жыршы», «Үздік термеші», «Үздік эстрада әншісі», т.б. номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтау;
  • Тағы бір маңызды жоспарымыз – «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігінің Алматы қаласындағы студиясын жаңғырту, жетілдіру және өз ғимаратына көшіру, әр радионың жеке эфирлік студиясын жасақтау, видеовизуализация орнату.
14. Серіктестікке серпін берген жаңа әріптестер:

Еліміздегі ең іргелі радио серіктігінің абыройы мен танымалдылығын арттырып, жұмысын жан-жақты жетілдіру мақсатында білімді, білікті, белсенді және қоғамда өзіндік орны бар зердесі зерек азаматтар қызметке шақырылды.
  • Қалқаман Сарин – ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жүлдегері, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, «Нұр Отан» партиясы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі. «Астана» телеарнасындағы «Кеш емес» ток шоуының, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында «Ой толғау» танымдық бағдарламасының, «Балапан» телеарнасында ұрпақ тәрбиесіне арналған «Balatime» хабарының жүргізушісі. Жас ақындарды насихаттау мақсатында қарымды қаламгердің «Қауырсын ғалам» атты авторлық хабары ашылды. Қазіргі таңда Қалқаман Сарин «ШАЛҚАР» радиосының директоры қызметін атқарады;
  • Нәзира Бердалы – ақын, тележурналист, ҚР Жазушылар Одағы және Журналистер Одағының мүшесі. Еңбек жолын "Қазақстан" ұлттық телеарнасында редактор қызметінен бастаған. Астана телеарнасында «Сырласу» бағдадарламасын, радиода «Бұл – менің жүрегім» және «Ақ отау» хабарларын жүргізеді. Танымал ақын Қазақ радиосының директоры қызметін атқарды. Уақыт өте келе бұл қызметтен өз өтініші бойынша бас тартқанымен қазіргі таңда ұжымда белсене еңбек етіп жүр.
  • Есімі елге етене таныс тележүргізуші, кәсіпқой журналист – Қымбат Досжан «Бармысың, бауырым?» хабарын жүргізеді;
  • Танымал тележүргізуші, журналист – Ақбаян Сапарбай «Жан жылуы» хабарын жүргізеді;
  • Әзімхан Аусат – білікті филолог, саясаттанушы, тарихшы. Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының бас маманы, Қазақстан-Көкшетау телеарнасының редакторы, аға редакторы, ақпараттарды жинау және сараптау маманы, «Жетінші» телеарнаның журналист-сарапшысы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қоғамдық саяси бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Еуразия» телеарнасының сарапшысы, Қазақ радиосында аймақтар бойынша жетекші, «Жаңалықтар» қызметі жетекшісінің орынбасары. Қазіргі таңда «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас директорының орынбасары қызметін атқарады;
  • Серік Әбдіуәлі – тәжірибелі телерадиожурналист, ҚР Президенті Жарлығы бойынша мемлекеттік екі медальдің иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, осы одақ сыйлығының лауреаты. Еңбек жолын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі қызметінен бастап, «Хабар» агенттігінің Қарағанды облысындағы және Өзбекстандағы меншікті тілшісі, «Хабар 24» телеарнасының жауапты редакторы, продюсері және «Жаңалықтар» қызметінің Бас редакторы қызметін атқарған. Қазіргі кезде Қазақ радиосының директоры қызметін атқарады;
  • Амангелді Кеңшілікұлы – журналист, жазушы, әдебиет сыншысы. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Президенті стипендиясының 5 мәрте иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, А.Сәрсенбаев және Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтардың лауреаты, Төлеген Айбергенов атындағы медальдің және «Алаштың 100 ізбасары» медалінің иегері, «Рух» халықаралық байқауының «Үздік әдеби сын» номинациясы бойынша бас жүлдегері. Қазақ радиосында «Әлем әдебиеті» хабарының жүргізушісі;
  • Амангелді Құрмет – журналист, әлеуметтанушы. «Астана ақшамы» газетінің тілшісі, «Жебе» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Қазіргі таңда Қазақ радиосында «Алаң» ақпараттық-сараптамалық хабарларының жүргізушісі және «Айқын» газетінің Астана бөлімінің жетекшісі;
  • Әсел Асқарқызы – филолог, тәжірибелі аудармашы, прозаик. «Астана медицина университеті» АҚ-тың «Мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясаты» бөлімінің маманы, Астана қаласы бойынша сот отырыстарының аудармашысы қызметін атқарған. Қазіргі таңда Қазақ радиосында «Қауырсын ғалам», «Бармысың, бауырым?», «Сахна сыры» хабарлары мен серіктестіктің Стратегиялық дамыту қызметінің шеф редакторы;
  • Амангүл Ермекқызы – филолог. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында «Жан жылуы», «Бүгін - жексенбі» хабарларының редакторы. «Хабар» агенттігінде «Ұлт саулығы», «Айбын» хабарларының редактор-сценарисі. Қазақ радиосында «Жан жылуы», «Ақ отау» хабарларының редакторы, «Түркістаннан тарту», «Сәуле-ғұмыр», «Атымтай» хабарларының жүргізушісі;
  • Нұрмұхаммед Байғара – саясаттанушы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияда білім алып, жобаларды басқару мамандығын меңгерген, Lancaster университетінің түлегі. «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас директорының кеңесшісі және «Өз сөзім» хабарының жүргізуші.
Аз ғана уақыт аралығында тағылым алар талай ілкімді істер игерілді.  Заман талабына сай жасалған оң өзгерістер ұжымның қарым-қабілеті зор, қауқары мол екенін танытып отыр. «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС-нің Бас директоры қызметіне Мәди Манатбекұлы 2017 жылдың 24 ақпанында тағайындалды. Атқарылған ауқымды жұмыстар ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы Абаевтың және «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Тынымбайұлы Қариннің қолдауымен жүзеге асуда.


«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС-нің Стратегиялық дамыту қызметі
+7(717-2) 75-73-12
qazaqradiolary@gmail.com