Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«Абай» операсы тұңғыш рет Италияда

«Абай» операсы тұңғыш рет Италияда

«Астана Опера» театры Италияға гастрольдік сапармен жол тартады. Ұжым қарашаның 8 мен 10 күндері атақты генуялық «Карло Феличе» театрының сахнасында өнер көрсетеді. Көрерменнің назарына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы, сонымен қатар, Л.В.Бетховеннің №9 Симфониясы ұсынылады. Гастроль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді. 

Дирижерлік пульт басында – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев болады.

«Абай» опералық спектаклінде басты рөлдерді орындаушылар: Абай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Жанат Шыбықбаев; Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Айдар – халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов; Әзім – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев; Жиренше – Евгений Чайников, Қазыбек Досмұхамбетов; Қарлығаш – халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Малика Минизини; Көкбай – Талғат Ғалеев, Ержан Саипов; Сырттан – Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Болат Есімханов; Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Ерулан Кәмел; Мес – Шыңғыс Расылхан, Хайдар Мұстапин.


Қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиноның керемет үйлескен шығармашылық жұбының операны жасау бойынша атқарған жұмысына көрерменнің бей-жай қалмайтыны анық. Бірегей сценография ақынның ішкі жан-дүниесін ашқандай: итальяндық өнерсүйер қауым Абайдың жұмыс орнынан алтын түсті орасан зор кітапхана, глобус, армиллярды ... көре алады. Ал бөлменің есігі таңданған жұртшылықтың алдында айқара ашылады. Соңғы көріністе пайдаланылатын 3D-технологиясы өте орынды қосылып, шаттыққа толы әсерге бөлейді.

«Астана Опера» МОБТ қойылымындағы «Абай» операсы 2018 жылғы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, екінші кезеңіне өткенін айта кеткен жөн. Музыка сыншылары аталмыш сахналық қойылымның алыптығын, көпқырлылығы мен ауқымдылығын бірнеше рет атап өтті. Ол Қазақстанның опера өнерінің жаңа кезеңі болып табылады және әлемнің үздік сахналарында талай рет ұсынылатыны сөзсіз.

«Карло Феличе» театрының басшылығы итальяндықтардың «Астана Операның» Нью-Йорк, Париж және Еуропа мен АҚШ-тың басқа да қалаларында сәтті өткен гастрольдері жайлы естіп, қанық болғандығын жеткізді.


Бұл Италияның опера тарихындағы ғаламат «Абай» спектаклінің тұңғыш орындалуы болмақ. Оқиғаға ерекше маңыздылық үстейтін оның қазақ тілінде қойылуы, - деп атап өтті «Карло Феличе» театрының дерижері Джузеппе Акуавива.

Сонымен қатар, концертке ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен «Астана Опера» мен «Карло Феличе» хор әртістері, сондай-ақ жетекші солистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері тенор Нұрлан Бекмұхамбетов, сопрано Жұпар Ғабдуллина, меццо-сопрано Дина Хамзина қатысады.