Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«Шерағаңның шекпені»

«Шерағаңның шекпені»

Қазақ баспасөзінің серісі де, перісі де баршылық. Ал шері біреу ғана. Ол – Шерхан шері. Қазақ руханиятында «Шерағаңның шекпені» деген ұғым бар. Бұл қазақтың заңғар жазушысы, кәсіби журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаға айтылған. «Шерағаңның шекпені» – баспасөздің брендіне әлдеқашан айналып кеткен ұғым. Бұл сөз Шерхан Мұртазаның шекпеніне кіріп шыққандар үшін де, онда әлі жүргендер үшін де, сондай-ақ, оған кірмек түгілі ақпараттың «арыстанымен» тілдесіп көрмегендер үшін де қадірлі. Себебі ол – баспасөз әлеміндегі айрықша құбылыс. Қазақ журналистерін қанатының астына алып тәрбиелеген, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Шерхан Мұртазаның өмірінен қызықты деректерді ұсынамыз.

Шерағаңның шекпенінің ішіне тарландар мен тарпаңдардың бәрі де сыйған. Өр Алтайдан жазып тұрған мақалаларына қарап, қалам сілтесінің бөлектігін байқап, Алматыға алдырған Оралхан Бөкей бауырын жазып, қазақ даласында Кербұғыдай көсіле шапқан. Мойынқұмға алғаш барған сапарынан кейін жұрттың мың рет шиырлаған жеріне өзгеше көзбен үңіліп, әйгілі «Құм мінезі» повесін жазған. Атырау облыстық газетінде қызмет істеп жүрген ақын қыз Фариза Оңғарсынованы «Лениншіл жастың» батыс аймақтағы меншікті тілшісі етіп бекіткен. Кейінірек оның «Мен саған ғашық емес ем» атты өлеңдер топтамасын газетке жариялап, оқырманға кең танытты. Арқада өз өрнегімен даралана бастаған сөз зергері Ақселеу Сейдімбекті газеттің Орталық Қазақстандағы меншікті тілшісі етіп та¬ғайын¬дады. Сол жылдарда-ақ өлеңімен өрге беттеген Мұхтар Шаханов Оңтүстік өңірдегі меншікті тілші болып қызметке қабылданды. Сөйтіп, ол тұлпарларды тай күнінен таныды. Қазақ елінің әр түкпіріндегі жас таланттардың бәріне Шерағаңның шекпенінен орын тиді. 


Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Жазушының шын есімі – Шері. Қазақтың айбарлы, қайратты жыртқыш аңы – барысқа байланысты қойылған.  

Әкесі Мұртаза 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болып кетті. Шерхан Мұртаза 8 жасында қазіргі Жуалы ауданы өзі туған Талапты ауылындағы мектептің бірінші сыныбына барды. Әкесінен ерте айырылған бала оқу мен еңбекке ерте араласты. Балалық шағы да соғыстың тауқыметті кезеңдерімен тұспа-тұс келген. Сондықтан болар, жазушының түсіне жиі балалық шағы оралып отырған. Тауқыметті кезеңдерді бастан өткізген соң болар, жазушының балалық шағы бала көңілмен өтпеді.  

Шерхан Мұртаза өзінің шығармаларында адам бейнесін табиғаттың сұлулығымен астастыра отырып, өте көркем бейнелейді әрі әр кейіпкердің ойын терең түсіне отырып, адам мен табиғаттың тынысы бір екенін көрсете білген жазушы. Алғашқы кітабі 26 жасында «Құрылысшы Дәку» деген атпен жарық көрген Шерхан Мұртазаның ел, қоғам, мемлекет, әдебиет үшін сіңірген еңбектері өте көп. Ал, әдебиет саласындағы еңбектерін айтқанда көркем туындыларын ғана айтып қойған жөн болмас. Әдебиетте көлемді жұмыс ретінде аударма саласын таңдады. Шерхан Мұртаза әлемге әйгілі қырғыз елінің жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Қырғыз жазушысының «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» атты повесть, романдарын орысшадан аударды.  


Шерхан Мұртаза – әлем әдебиетінің классик жазушыларының шығармаларын аударған. Ганс Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін қазақ тіліне тәржімалады. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.  

Шерхан Мұртазаның тұмарындай болған туындысы – «Қызыл жебе» эпопеясы. Бес кітаптан тұратын шығарма – қазақ халқының бір туар ұлы Тұрар Рысқұлов туралы көлемді туынды. Ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловтың тағдыры арқылы қазақ халқының басынан кешкен қилы-қилы кезеңдерін қамтиды. «Қызыл жебе» халықтың ыстық ықыласына бөленген шығарма. Тұрар Рысқұлов сияқты күрделі тұлғаны әдебиетке әкелу жазушының үлкен ізденімпаздығы, тарихи оқиғаларды таразылауы үлкен ерлікке пара-пар деп айтсақ, асырып айтқандық емес. Шын мәнінде Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұлов сияқты ел тұтқасы бола білген азаматты әдебиеттендіру арқылы қазақ әдебиетіне үлкен бір сом туынды қоса отырып танытып берді. М. Әуезов «Абай жолы» романы арқылы қазақ халқының ғасырлық тарихын дүниеге паш етсе, Шерхан Тұрар бейнесі арқылы қарама-қайшылыққа тұнып тұрған қазақ халқының тарихындағы ең күрделі, ең ауыр кезеңін шынайы суреттей білді.  

Шерхан Мұртаза спортты жанына серік еткен атлет. Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған студенттік шағында бокспен айналысқан. Ол уақытта факультет намысын қорғап, орта салмақтарда жүлдегер атанды. Шерхан Мұртаза спорттың бильярд және тапанша ату түрінен де жақсы болған.  


Шерхан Мұртаза алты жерде бас редакторлық қызмет атқарған: 1970 - 72 жылдары «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының бас редакторы, 1972 - 75 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1980 - 89 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1989 - 92 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1989 жылдан «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакторы. «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы. «Лениншіл газетіне» бас редактор болып келгенде 30 мың таралыммен таралған газеттің оқырманын 150 мыңға жеткізді. Күні бүгінге дейін көгілдір экраннан түспеген Қазақстан ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» таңғы ойын-суықтық бағдарламасы да Шерхан Мұртазаның идеясымен ашылған.