Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ысырапшылдық жер бетіне зор залалын тигізуде

Ысырапшылдық жер бетіне зор залалын тигізуде

БҰҰ-ның бақылаушылары таратқан мәліметтерге қарағанда, 2018 жылы қаңтардың 1-інде жұмыр жердегі адамдар саны 7 жарым миллиардтан асқан. Сол 7 жарым миллиард халықтың 800 миллионы бүгінде аштықтың ауыр зардабын тартуда. Ал, 2030 жылға қарай сіңірі шыққан кедейлер 1 жарым миллиардтан асады деген болжам бар. Осыған байланысты «National Geographic» журналы күрмеуі қиын күрделі мәселеге қатысты ұзақ уақыт зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тың деректер жариялаған.

Қазақ радиосындағы «Ғалам» ғылыми-танымдық радиохабарының кезекті санында «National Geographic»журнал қызметкерлерінің әлемдік қоғамдастық алдында қандай ұсыныспен шығып, нақты қай мәселе бойынша зерттеу жүргізгені жайлы айтылды.

ХХІ ғасырда жер бетінде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ең жоғарғы шегіне жеткен. Мәселен6 аса дамыған Норвегия мен Даниядағы орташа айлық жалақы 3 жарым мың долларды құраса, Африкадағы Нигерия мен Анголада күндік табысы бір долларға да жетпейтін тұрғындар саны ел халқының жарымына тең. Осы көрсеткішке қарап-ақ әлем халықтарының ахуалы қаншалықты күрделі екенін аңғару қиын емес.

БҰҰ-ға қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы келтірген мәліметтерге сенсек, дамыған елдерде жыл сайын жаңа піскен жемістер мен көкөністердің 46 пайызы қалдыққа айналса, тамақтың үштен бірі, яғни, жеуге жарамды 1,3 миллиард тонна тамақ лақтырылады. Ал, мұндай көлемдегі тағам түрлері әрбір аш адамды күніне екі реттен тамақтандыруға жетер еді.

Бұл қандай жағдайда орын алады? Оның себебі мынада: дамушы елдерде азық-түлікті сақтайтын орындардың, жолдың, тоңазытқыштың болмауы қолда бар өнімнің межелі мерзімінен бұрын бұзылуына әкеліп соқса, дамыған елдерде керісінше, бұл жағдай тұтынушылардың кафелер мен мейрамханаларда шамадан тыс тапсырыс беруінен, бір күн бұрын піскен тамақтың желінбеуі және тоңазытқышта біршама уақыт тұрып қалған тағамның қоқысқа тасталуы себепті орын алады.

Тамақ қалдықтарының қоршаған ортаға тигізер залалы да аз емес. Мәселен, чипсы мен шұжық сияқты тағам түрлерін өндіру үшін мол тыңайтқыштар, тұқым түрлері, егістік алқап, жанармай мен техника қажет. Одан бөлек бір жыл ішінде өндіріліп, кейін желінбей қалған тағамды дайындау үшін Еуропадағы ең үлкен өзен – Волганың жылдық ағысына тең келетін су кетеді.

Тамақ қалдықтарынан келетін залалды бір мемлекетке теңер болсақ, онда бұл Қытай мен Америкадан кейінгі ауаға парниктік газды мол шығаратын әлемдегі үшінші мемлекет болар еді. Стьюарт есімді ғалым өзінің «Waste: Uncovering the Global Food Scandal» деп аталатын кітабында 2050 жылға қарай жер бетіндегі адам саны кемінде 2 миллиардқа артатындықтан, ысырапшылыққа қатысты жағдай дәл осы күйінде қала беретін болса, жер шарына орасан зор залалы тиетінін жазған. Сондай-ақ, алдағы жылдары аш құрсақ адамдар санының артуына ғаламдық жылынудың да әсері зор болатынын айтады. Егер, ғаламдық жылыну осы қарқынмен жалғаса беретін болса, алдағы онжылдықта жер бетіндегі құм басқан, шөлейттенген жерлердің аумағы ұлғаяды да, шаруаларға ауыр соққы болып тиюі мүмкін.

Жыл сайын АҚШ-та 2 жарым миллиард келі жеміс-жидек пен көкөніс көп жағдайда сыртқы түріне бола жиналмай қалады немесе сатуға мүлде шығарылмайды екен. Осыны ескерген калифорниялық «Imperfect» деп аталатын компания былтырдан бері фермерлерден тек пішіні оғаштау өскен өнімдерді сатып алу арқылы мол табысқа кенелген. «Біз адамдардың әдеміге ғана жүгіруі қате түсінік екенін дәлелдегіміз келеді», – дейді «Импөрфек» компаниясының іргетасын қалаушы Рон Кларк.

Бұл хабарда жер бетінде күнде қайталып отыратын тамақ ысырабы, оның салдары және шешу жолдары туралы айтылды. Қазақ елі де бұл мәселеден тыс қалмауы керек. Себебі жер шары бәрімізге ортақ.