Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жұмыссыздық азая ма?

Жұмыссыздық азая ма?

Сөз басы

Жұмыссыздық – күрделі құбылыс. Сондай-ақ, ол бір жүйеден екіншісіне өтетін елдерде көбірек байқалады. Мысалға, мұндай процесс Қазақстанда жүріп жатыр. Ол өзімен бірге бірқатар жаңа проблемаларды алып келеді. Алайда, кейбір экономистердің ойынша жұмыссыздықтың пайдасы да бар, оны тек дағдарыс ретінде қарастыруға болмайды. Өйткені, жұмыссыздықтың ең маңызды әрі пайдалы жағы – оның сапалы еңбекті, бәсекені туғызуында.

Статистика комитетінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды, жұмыссыздар саны – 434 мың адамды, жұмыссыз ретінде тіркелгендердің саны – 149,5 мың адамды құраған. Республика бойынша жұмыссыздық деңгейі ең жоғары қала – Астана. Елордамызда жұмыссыздар саны бір жыл ішінде 6,8%-ға артып, 23,8 мың адамға жеткен. Ал, керісінше, жұмыссыздықпен күресуде елеулі нәтижеге жеткен – Қарағанды облысы екен. Өткен жылдың төртінші тоқсандығының қорытындысы бойынша – онда жұмыссыздар саны 7%-ға төмендеген, яғни, 32,2 мың адамға дейін қысқарыпты.

Жұмыссыздық себебі

Жұмыссыздықтың көбейуінің бір себебі – қажетсіз мамандықтардың артуы. «Тас лақтырсаң, заңгер мен экономистке тиеді» деген сөз тіркесін жиі естиміз. Бұл санатқа қаржыгер, мұнайшы, дипломат мамандықтарын қосуға болады. Жастардың «атынан ат үркетін» мамандықтарға баруы өздерінің болашағын жоғары лауазым иесі ретінде елестетуінен. Бірақ мұның соңы осы мамандық иелерінің көбін жұмыссыз қалдырса, керісінше, кейбір сұранысқа ие мамандықтардың бос қалуына үлес қосады. Тиісті органдарда қандай мамандық бойынша бос жұмыс орындары бар, қай сала маманға тапшы екені туралы ақпарат бар. Осы ақпарат мектептердің жоғары сынып оқушыларына таныстырылса, түсіндірілсе, бәлкім, жыл сайын бір қателікті қайталай бермес пе едік.

Осы мәселе жайында биылғы жылдың қыркүйек айында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин студент жастарға мамандығы бойынша жұмысқа орналасу неліктен қиын екенін түсіндіре келе, бүгінде білім беру мекемелерінде мамандарды даярлау нарық талаптарына сай болмай тұрғанын ескерткен.

«Кадрларға деген сұранысқа байланысты терең талдау жасалмайды. Білім беру бағдарламалары да қазіргі талапты толық орындамай отыр. Сол себептен, студент жастарға оқуын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс табу қиын. Осы мәселені шешу үшін кадрларға деген қажеттілік мониторингінің тиімді жүйесін құру қажет деп есептейміз. Ол – мемлекеттік тапсырысты дұрыс қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді», - деді Н. Нығматулин.

Демек, әлі де болса қоғамға қажетті мамандықтарды таңдай білмеуден жоғары оқу орындарын бітірушілер жұмыссыздар санын еріксіз толтыруда.

Жұмыссыздық проблемасын шешу барысында шетелдік арзан жұмыс күшіне арқа сүйейтін компаниялардың да мәселе тудыратыны бар. Сондықтан елдегі жұмыссыздықты жоя алмай тұрып, гастарбайтерлерді қаптату да жұмыс күшін өзімізде қалыптастыруға кері ықпал етеді.

Жұмыссыздық салдары

• Адам еңбегі дегеніміз капитал сияқты жинап қоюға, қордалауға келмейтін айрықша ресурс. Жоғалған жұмыс уақытын орнына келтіру мүмкін емес, сондықтан жұмыссыздық салдарынан шығарылмаған және көрсетілмеген тауар мен қызметтің орыны өтелмейді.

• Егер адам жұмысынан айырылып, жалақысыз қалса, ол қалайда күнкөріс көзін іздейді. Бұл жағдайда мемлекет жұмыссызға жағдай жасауды өз мойнына алады. Алайда, жұмыссыздығы үшін берілетін жәрдемақы тауар шығарғаны, қызмет көрсеткені үшін берілген сыйақы бола алмайды, себебі, жұмыссыз адам ешнәрсе шығармайды, демек елдің әл-ауқаты да жоғарыламайды.

• Жұмыссыздар санының көбеюі тауар мен қызметке сұранымды азайтады. Тауарға сұраныстың азаюы өз кезегінде өндірістің кемуіне және жұмыссыздықтың одан әрі өршуіне жол ашады, себебі өндірістің кемуі жұмыс орындарының қысқарып, жалақының кемуіне әкелетін жолдың басы.Сөйтіп, қоғам өзі құрған тұзаққа өзі түседі.

• Елде жұмыссыздықты саяси жағдайдың шиленісуі өршітіп жібере алады, себебі ақшаның жоқтығы діңкелеткен халық үкімет өзгерсе жағдайымыз жақсара ма деген үмітпен қандай да бір ереуілге, шеруге, төңкеріске қатысуға даяр тұрады.

• Жұмыссыздық қылмыс, әсіресе жастар арасында қылмыс тамырланатын ұя, себебі, күнкөріс көзін таба алмаған кісі оның басқа жолдарын, көбінесе қылмыспен пайда табу жолдарын іздестіруге көшеді.

Сөз соңында

Нарықтық экономикада жұмыссыздық проблемасы қашан да бірге жүреді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап жылдан-жылға жұмыссыздар саны өсе түсуде. Бірақ экономистер оны өтпелі экономиканың жазылмаған заңы деп түсіндіреді. Қазақстандағы еңбекпен қамтамасыз ету мекемелеріндегі тіркелген жұмыссыздар саны көптеген елдермен салыстырғанда тұрақты әрі қалыпты жағдайда. Мәселен, Еуропа одағында жұмыссыздық деңгейі 8,2%, Украинада 9,7%, Қырғызстанда 8%, Бразилияда 12%, Ресейде 5,6%-ды құрайды екен. Ал Қазақстанда, алдында атап өткеніміздей, бұл көрсеткіш 4,9% деңгейінде. Осыған қарап-ақ мынадай тұжырым жасауға болады. Егер мемлекеттік жұмыспен қамту мекемелері дұрыс жұмыс істемегенде, мемлекеттік статистика орындары ешқашан жұмыссыздар туралы толық мәлемет ала алмас еді. Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері елдегі жұмыссыздық деңгейін одан әрі төмендете түсеріне сенім зор.