Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«Едіге батыр» жырының шығу төркіні

«Едіге батыр» жырының шығу төркіні

Қазақ радиосындағы «Түркі әлемі» хабарының кезекті тақырыбы- «Едіге батыр» жырының шығу төркіні. 

Ноғайлы аталған дәуірден қалған екі халықтың ортақ рухани мүлкі, көне мұрасы саналатын «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Сайын», «Едіге», «Ер Жабай», «Ер Шора», «Орақ Мамай», «Қырымның қырық батыры» эпостық жырлары мен қисса-дастандары осының айғағы. Жас та болса «Едіге батыр» жырын ғылыми тұрғыдан зерттеп, қазынамызды толтырып жүрген, өнертану ғылымдарының магистрі Ақерке Бақытжанқызы Дабылова бүгінгі біздің кейіпкеріміз. 


-Ақерке елдің бәрі тарихқа, әдебиетке құмар деп айта алмаймын. Елге түсінікті болсын «Едіге батыр» деген кім? Қай ғасырда өмір сүрген? Қайдан шыққан?

- Едіге (1352-1419 ж.ж) – XIV ғасыр мен XV ғасырдың бас кезіндегі әмірші, түменбасы. Ноғай Ордасының негізін қалаушы. Моңғолдың Маңғыт руынан шыққан (маңғыт-қазіргі қарақалпақ руы). Балтычактың баласы. Аңыз бойынша ноғай әулиесі Баба Түкті Шашты Әзиздің шөбересі болады. Әкесі мен үлкен ағасы Иса Орыс ханға қызмет еткен, ал Едіге белгісіз себептермен қашып кеткен. Орыс ханнан құтылмақшы болған жас Тоқтамыс екеуі Темірланның сарайына келіп, осы жерде әскери қызмет атқарады. Едігенің апасы Темірланның жұбайы болады. 1391 жылы Темірланның Тоқтамысқа қарсы әскери шабуыл кезінде Едіге әмірші (қолбасшы) болады. Тоқтамысты жеңгеннен кейін Едіге Темір Құтлық оғланмен және басқа Ақорда әмірі Күнші оғланмен бірге елге барып, Темірланның әскеріне адам жинаймыз деп сылтаумен кетіп қалды. Оларға сенген Темірлан елдеріне жібереді, алайда олар өз елдерінде өздерінің саясатын құра бастайды, тек Күнші оғлан ғана қайтып келді.

-Едіге батыр жыры қай жылдан бастап зерттеле басталды?

- Зерттеушілердің көрсетуі бойынша «Едіге батыр» жыры – халық ауыз әдебиетінің шығармасынан жазылып алына бастағанына екі ғасырға жуық уақыт өткен. Эпостың қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ тіліндегі нұсқалары кейде толық, енді бірде үзінді түрінде жарияланып келе жатқанына да ғасырдың жүзі болды. Ал жырдың мазмұнымен көркемдік бітімі жайында арнайы зерттеулер мен мақалалардың өзі үлкен шоғыр.

«Едіге батыр» жыры өкінішке қарай қазақтың өзгеде бір сыпыра жырлары тәрізді советтік идеологияға қайшы келіп, соңғы жарты ғасыр ішінде ол туралы зерттеу түгілі қысқа жазбалар да жазылған жоқ. Тіпті Едігенің атын атаудың өзі қылмыспен барабар болған. Едігенің шежіре бойынша үрім-бұтағы болып келетін батырлар турасында да пікір қозғау мүмкін болмады.

Шыңғыс Уәлиханұлының ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдарында бірнеше қайта жаздырылып алып, кейін Шоқанның қатысуымен біріктіліп бір тұтас дүние етіп көшірілген түпнұсқа. Жыр көне араб әрпімен жазылған. Көлемі 42 бет. Шоқан Уәлиханов қайтыс болғаннан кейін оның артында қалған мол ғылыми, әдеби мұрасын реттеп баспаға дайындау үстінде Шоқанның досы профессор П.М. Мелиоранский осы тексті кездестіреді. Мұны 1904 жылы Н.И. Веселовскийдің редакциясымен басылып шыққан Шоқан шығармаларының ішіндегі баспа бетін тұңғыш көрген орысша текстімен мұқият салыстырып зерттейді.

Бертін келе қазақша түпнұсқаны еш өзгеріссіз, редакциялауысыз баспаға өзі әзірлеп береді. Санкт-Петербургта 1905 ж. жеке кітапша болып шығады. П.И. Мелиоранскийдің қолына түскенде бұл жырдың аты да, атауы да болмаған екен «... мұны «Едіге би» деп мен қойдым» - дейді ғалым.

Шыңғыс Уалиханұлы үш рет жазып жинаған. Бірінші рет Аманқарағай болысындағы аз ғана күрлеуіт Қыпшақ ауылында тұратын Жұмағыл ақыннан 1841 жылы алынады. Екінші рет ол жырды әркім әр түрлі жырлап өңдеген толық нұсқасын жаздырып алады. Ал үшінші рет сол өңірдегі Арыстанбай (кітапта Арсланбай делінген) ақынның айтуынан қағазға түсіртеді.

Кейін осы үш тексті біріктіріп Шоқан әкесі Шыңғыс толық бір текст жасайды. Мұны Ахмет деген кісі жаңадан мұқият көшіріп алып қағаз бетіне түсіреді. Шоқанның өзі де, П.И. Мелиоранскийда баспаға тексті әзірлеген. кей түсініксіз, күдікті жерлерін түсініктеме беріп отырған.

1904 жылы Санкт-Петербургте Н.И. Веселовскийдің редакциясымен Шоқан Шыңғысұлының шығармалар жинағында «Идиге джирь» деген атпен жарияланылады. Мұнда айта кететін ерекшелігі жырдың қазақ, ноғай қарақалпақ, башқұрт, татар халықтарының нұсқаларына "ортақ" желіні неғұрлым толық қамтыды. Эпосты өзге нұсқалармен салыстырып қарасақ, кей нұсқаларда қысқа енді бірде "өзгерек" келгенімен түбірлі сарындарын сақтай алған. Кейіннен жазылған нұсқаларды оқығанда тансық көрінетіні сол себебтен.

-Едіге батыр жыры түркітілдес халықтардың барлығына ортақ шығарма. Сіздің зерттеулер не дейді?

-Халықтың жүрегіне жақын болуының бірден бір себебі, жырдың тілінің көркем, туындының шеберлігіне байланысты емес, түркі халықтарының есінде өшпестей орын алған тарихи оқиғаларға қатысты. Қазіргі күні «Едіге» жырының оңтүстіктегі түрікмен, өзбек елдерінен бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс-жақындағы елдер Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр. Қырықтан астам нұсқасы бар. Олардың кейбіреулерінің көлемі он бес-он алты мың жолға жетеді. Сондықтан бұл эпикалық шығарманың табиғатын терең танып, зерделеп шығу үшін оны тек қазақ халқы мұрасы аясында, тар ауқымда

тексеру жеткіліксіз. Әрі эпостың архаикалық нұсқалары мен кейінгі классикалық нұсқаларының болуы, ұлттық нұсқаларының молдығы түркілердің эпикалық дәстүрінің даму динамикасын білуге, ерекшеліктерін ашуға зор үлес қосады. Себебі, ғылымда әр түрлі халықтардағы ортақ құбылысты салыстыра зерттеу жалпы заңдылықты анықтайтыны бұрыннан мәлім.

«Едіге би», «Едіге мырза», «Мырза Едіге» деп аталатын жыр халқының батырлық жырларының ішіндегі ең көне туындыларының бірі. Оның үстіне прогрессивтік бағыттағы орыс ғалымдарының, саяхатшыларының назарына ертерек ілініп қағаз бетіне түскен, әсіресе ХІХ ғасырдан бері қарай жиі-жиі жарияланып келген шығарма.

«Едіге» жыры қазақтарда ғана емес, түркі тілдес халықтардың біразында кезедеседі. Әсіресе қарақалпақ, ноғай, башқұрт, сібір және қырым татарларында көптеген нұсқалары бар екені жайында мәліметтер табылып отыр. Жырдың нұсқалары, жазбалары көп десек те шығарма мазмұнының (сюжет желісінің) негізгі қызығы бір. Тек осы бір мазмұн әр нұсқада әр ақында, әр жыршы жырауда әр түрлі жырланып, кейде көмескі тартып кейде бәсеңкі тартып отырады. Мұндай жырлар, әсіресе кейінірек ел арасынан жиналған нұсқаларға тән.

-Ақерке, өзің Нұртуған жыраудың нұсқасын орындаушы жыршысың. Осы жырдың нұсқасына тоқталсақ.

-Нұртуған Кенжеғұлұлы (1887-1930 жж.) бұрынғы Қазалы Уезі, Қамыстыбас болысы, Аманөткел ауылында (Қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы) туған. Ақын мұраларының басым бөлігі – батырлық жырлар, елдік пен еңбек жайлы, адамгершілік хақындағы дастандар. Мәселен, ноғайлы тарихын баяндайтын тарихи жырлар циклінің біріншісі – көлемі бес мың жарым жолдай, ірі туындысын он тоғыз жасынан бастап екі жыл бойы «Мәулімнияз –Едігені» жазып бітіргенде небәрі жиырма бір жаста, ал екінші дастаны «Орақ-Мамайды» аяқтағанда жиырма үш жаста болған. Нұртуған жырды жазғанмен өзі орындамаған. Жиені Жәмет жырау орындаған. Жастайынан қалам тартып жыр, дастандар жазған. «Мәулімнияз-Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Қобыланды», «Әмір-Темір көреген» атты дастандар жазған.

Нұртуған Кенжеғұлұлының нұсқасы Арал-Қазалы мектебінің орындаушылық дәстүрімен орындалады. Бұл мектеп өзіндік мақам-сазымен ерекшелінеді.

Едіге жырын толық білгенімен жырды толық орындамаған, себебі Едігенің арғы атасы Әулие, анасы Пері болғандықтан толық орындауға болмайды-мыс, толық орындаған адам өмірден ерте өтіп кетеді деген халық арасында ауыз әңгіме тараған. Толық меңгерген орындаушылар жырды белгілі жерге дейін орындаған. Арал өңірінде Нұртуған Кенжеғұлұлының нұсқасын кеңінен насихаттап, орындаған Арал ауданы Ақбасты ауылында дүниеге келген жыршы Әбиев Әбдіқұл Нұртуған нұсқасын толық білгенімен

Едіге батырдың Қалмақтың батыры Қабан Тиынды өлтіріп еліне оралатын жеріне дейін орындаған.

Сонымен қатар қазіргі заманда атап айтсақ Арал, Қазалы өңірінде кеңінен тараған нұсқа Нұртуған Кенжеғұлұлының «Мәулімнияз – Едіге» дастаны жайында азды көпті сөз қозғасақ.

1928 жылы Дәріғұл деген жазушы Нұртуған нұсқасын жаттап алып таратқан. Қазіргі заманда Нұртуған нұсқасын дәріптеуші, жыршы Демеу Жолымбет, 1958 жылы Арал ауданы Ақбасты елді мекенінде дүниеге келген. Оның ұстазы – Әбиев Әбдіқұл осы ауылдың тұрғыны. Демеу Жолымбет 23 жасында алғаш Нұртуған Кенжеғұлұлының «Қарасай Қази» дастанын жаттаған, ал «Едіге» дастанын 35 жасына қараған шағында жаттап алған. Жоғарыда атып өткендей дастанды белгілі жерге дейін ғана орындаған: Едіге Қалмақтың батыры Қабан тиынды өлтіріп еліне оралатын жеріне дейін келіп тоқтайды. Демеу Жолымбетов жыршының айтуы бойынша ең қызықты және ердің батырлық бейнесін көрсететін жері дейді.

Батыс жыр мектебінің белді өкілі Мұрын жырау. Мұрын жыраудың нұсқасын, Қармақшы мектебінің өкілі Алмас Алматов өз мектебінің мақам сазымен орындайды.

-Жырдың неше нұсқасы бар?

-Бұл жыр әртүрлі нұсқамен жетті ғой. Ш.Уәлиханов нұсқасы 1400 жол, Ноғай нұсқасы 1500 жол, Башқұрт нұсқасы 5000 жол, Татар нұсқасы 7000 жол, Қарақалпақстандық Өтенияз жырау 13 680, Қарақалпақстандық Қияс жырау нұсқасы 16 296 жол, Нұртуған Кенжеғұлұлының нұсқасы 5200 жол.

Жырдың басқа ешбір эпосқа ұқсамайтын ерекшелігіне тоқталсақ: мұнда тарихи оқиғалар жаңғырығы мен қиял араласып, қаһармандық эпостыңда ертегінің де, аңыздың да тарихи суреттейтін бейнелері де кезедеседі. Тарихи адамдар дегеніңіз, Тоқтамыс хан, әмір Темір, Едіге би секілді болып келеді. Жыр табиғатын тереңінен түсіну үшін, осы үш қайраткердің саясатын сипаттайтын мағлұматтарды айта кету қажет.

Бұл қаһармандық жыр ел аузынан алынып, қысқартылып, жаңа деректер қосылып үзік-үзік аңыз әңгіме түрінде таралғаны жырдың нұсқаларынан байқалады.

«Едіге» жыры — түркілердің басын қосатын, бірлігін нығайтатын, өткен тарихын білдіретін ауқымды шығарма. Біздің мақсат аз да болса, тыңдарманға көне жыр туралы мәлімет беру. Осы орайда ол мақсатқа жеттік деп ойлаймыз. Маңдайымызға біткен асыл жауһарларымызды бағалап, насихаттау жолында еңбек ете берейік.

Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан