Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Іздеу саламыз

«Бармысың, бауырым?» хабарының хат қоржынынан:

Әкемді сағындым...


Құрметті «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының ұжымы. Мен Перизат Жұмабекқызы туған əкеме іздеу саламын. Аты-жөні Жұмабек Нығметұлы Искаков, 1952 жылғы 15 ақпанда дүниеге келген. Анамның айтуынша, əкем Шымкент өңірінің тумасы. Әкем 1970-1972 жылдары Қарағанды қаласы, Қарқаралы ауданы, Тегісшілдік селолық округіне келген. Сол жылдары анаммен танысып, 1973 жылы үйленген. Дүниеге 5 бала əкеліп, ауылда анаммен 17жыл бірге тұрған, 1990 жылы əкем басқа келіншекпен кетіп қалыпты. Сол кеткеннен отбасына қайтып оралмады. Қателеспесем, 1995 жылы бізге бір орыс келіншекпен бірге келіп кетті. Олар көрші ауылда тұрыпты, кейін көшіп кетіпті. Сол уақыттан бері еш хабар жоқ. Əкеммен бірге тұрған келіншектің есімін сұрастырдым, ол — Надежда Долотова, 1953 жылғы əйел. Басқа ешқандай мəлімет жоқ. Игнат Искаков жəне Жеңіс Кабазиев деген əкемнің туған аға-бауырлары бар екенін жəне Нұр-Сұлтан қаласында тұратынын анам айтты. Əкемнің осы уақытқа дейін өлі немесе тірі екенінен бейхабармын. Бізді тастап кеткеніне 29жыл болды. Оған өкпелеп қалған анам əкемнің суретін сақтамапты... Суретін жариялап іздеу салатын мүмкіндік жоқ. Өзім сол 5 ағайындының кенжесімін, тұрмыстамын. Қаншама жылдан кейін іздеу салып отырғаным, анамның қас-қабағына, көңіліне қарайладым. Ұзақ уақыт өтсе де əкеме деген сағыныштың жетегіне еріп, əкемнің тамыр-танысынан, жерлес-туысынан сұрастырып іздеу салып жүрген жайым бар. Сіздердің көмектеріңізбен жан əкемді табамын деген үмітпен көмек сұрап хат жазып отырмын.

Құрметпен, Перизат Жұмабекқызы.

***

Марғұлан туралы қаншама хат келді, бірақ, өзінен емес...


Мен – Шайзада Аманқұлқызы Турбекова, Қарағанды облысы, Шет ауданының тұрғынымын. Мен Марғұлан Аманқұлұлы Турбековті іздеп жүрмін. Ағам 1974 жылы 3 наурызда туған. Ол 1992 жылғы 1 желтоқсанда әскери борышын өтеуге Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Отар деген жерге шақыртылған. Алты айдан кейін Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай деген жерге жіберілді. Содан 1993 жылғы күзде бауырым Марғұлан туралы «әскери бөлімшеде жоқ» деген телеграмма келді. Телеграмманы алған соң анамыз Зульфия сол жаққа барып, ағамды жақын маңдағы қойшыларда жүрген жерінен тауып, әскери бөлімшеге қайтадан апарып, наурызда бұйрық шығып, Марғұлан үйге қайтатын уақытта өзім келіп алып кетемін деген. Өкініштісі, жарты айдан соң «балаңыз жоқ» деген телеграмма тағы келді. Анам бұл жолы да іздеп барды, таба алмады. Арада бір-екі жыл өткен соң үйге бір әйел келді. Өзі теміржол саласында жолсерік қызметін атқарады-ау деймін. «Сіздің балаңыз менің қолымда. Сіңлім екеуі көңіл қосып, соған үйленемін деп жүр» - деді. Ауылдастарымызбен бірге жиналып, әлгі келіншектің сөзіне сендік. Бірақ, тойға дайындала беріңдер деп, біздің үйден қаймақ-майын арқалап, бір қойын алып кеткеннен бері ол «құдағи» да хабар-ошарсыз. Ол келіншектің Алматыда тұрамын деп айтып кеткен мекенжайына іздеп бардық, ондай үй жоқ болып шықты. Тағы да бір жыл өткенде Талдықорғаннан хат келді: «Балаңыз ақша тауып жатыр, сіздің жанашырыңыз» - деп жазыпты. Хат жолдаушының мекенжайы, аты-жөні жазылмаған. Тек конверттің сыртындағы мөрде «Талдықорған» деген жазу болды. Бұдан кейін бір жыл өткенде Алматы облысы Чкалов совхозынан тағы хат келді. Күләш деген әйел: «Балаңыз менің қолымда» - деп жазыпты. Жиналып, жолға шықпақ болып хат иесіне қоңырау шалып едік, «Балаңыз қашып кетті, жоқ» - деді...

Біз үміт үзбей, Марғұлан ағамызды күтіп жүрміз. Қолымызда ағамның оқушы кезіндегі фотосы мен Талдықорғаннан «Марғұланның ағасымын» деп, Әубакір Күнбасов деген бейтаныс адам жазған хат қана бар. Бейтаныс дейтінім, біздің ондай туысымыз да, танысымыз да жоқ. Ағамның аман-есен жүргеніне сенеміз. Марғұлан туралы қаншама хат келді, бірақ, өзінен емес... Сіздерден көмек сұраймын. Ағамды тауып бересіздер деп үміттенемін. Аға, үйге оралыңыз, біз сізді сағындық. Құрметпен, Марғұланның қарындасы – Шайзада Тұрбекова.


«Бармысың, бауырым?» хабары Қазақ радиосының әуе толқынында сейсенбі, сағат 10:15-те тікелей эфирде өтеді.

Студияның байланыс нөмірі: +7(717-2)75-72-75 және +77075355383 –WhatsApp. Хабардың 09.04.19 күнгі санын мына сілтемеден тыңдауға шақырамыз:

ЖАҚЫНЫҢЫЗ ЖАНЫҢЫЗДАН ТАБЫЛСЫН!