Қазақ жері – түркі тектес халықтардың қарашаңырағы
Қазақ ұлтын құраған ру-тайпалар түркі текті ұлттардың бәрінде дерлік кездеседі. М.Жұмабаевтың қазақ жерін «қарашаңырақ» деп жырлауына себеп болған осы фактор емес пе?
«Қарақазан», «қарашаңырақ» дейді. Мағжанның поэзиясында да, Мәшһүрдің шежірелерінде де осы мәселелер айтылады. Қазақ жеріне «жеті ел келіп, жеті ел кеткен екен» деп те айтылады. Қазақ жері жалпы Еуразия кеңістігінің орталығы. Сондықтан бұл жерде жылқыны үйретпей тұрып-ақ, халықтардың жан-жаққа тарау процесі болды. Адамзат баласы осы жерде жаратылды деп айта алмаймын. Оған қолымда дәлелім жоқ. Бірақ саналы адам осы қазақ жерінде қалыптасты деген ойдамын. Өйткені, еліміздің табиғатында өзіміз сезіне қоймаған, бағалай қоймаған бір ерекше қасиеттер бар. Бізде жылдың төрт мезгілі бар. Мысалы, солтүстіктегі Сібірдің табиғатына зер салсаңыз, қысы қатты, адамдардың еңсесін езіп, дамуын, мүмкіндігін тежейді. Ауа райы тым қатал, қатты аяздары бар. Әрине, саха сынды халықтар шыдап, тылсым табиғатпен күресіп, тіршілігін жалғап жатыр. Үйренген халықтар болмаса, көпшілігі күресуге дәрменсіз. Эскимостардың қар астына үңгіп салатын «иглу» деген үйлері бар. Бірнеше отбасы осындай бір бөлмелі үйлерде тұрады. Балықтың майын жағып, соны талғажау етіп, күнін көреді. Ал оңтүстік аймақтарда ыстық басым. Ас-ауқаты, түрлі жеміс-жидек, көкөністері бар шығар. Бірақ, аптап ыстық та адамды езіп жібереді. Ал қазақтың жерінде жылдың төрт мезгілі де бар. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз жыл мезгілдеріне тәуелді болмаған. Керісінше, табиғатпен үйлесімде болған. Табиғат қыса бастаса, солтүстіктен оңтүстікке қарай жылжиды. Біздің көшпелі өмір салтымыз соған байланысты қалыптасқан. Егер оны есептей алмасаңыз, табиғаттың сізге көрсететін қиындығы, малдан айырылып, жүдеп кедейленіп қаласыз. Сондықтан табиғат адамның санасын, ақыл-ойын дамытуға жақсы мотиватор. Табиғат адамның дамуына және білім-ғылымның дамуына қатты қолайлы жағдай туғызған деп ойлаймын. Осыған байланысты біздің жерімізде алғашқы этностар, мемлекеттер пайда болды да әлемге таралды, Еуразия кеңістігіне таралды. Ең алғашқы толқындар – шумерлер. Ол кезде жылқыны үйретпеген уақыт. Біздің эрамызға дейінгі IV мыңжылдық. Қосөзен Ефрат пен Тигрдың алқабында алғашқы мемлекет құрылды. Бұл адамзат баласының ең алғаш құрған мемлекеті. Сэмюэл Крамер деген ағылшын зерттеушісі «мемлекет Шумерден басталады» деген сөзі бар. Шумерлер біздің жерден кетті. Шумерлерден кейін «хэттер» кетті. Үнді-Европа халықтарының аталары біздің жерден кетті. Олжас ағамыз ақын ғана емес, сонымен қатар мықты түрколог, лингвист, ғалым. Сол алғашқы «Аз и Я» деген кітабының бірінші бөлімінде «Игорь жасағы туралы жырды» сынаса, екінші бөлімі «Шумер-наме» деп аталады. Оқырман «Шумер-немесін» көбінесе елей бермей жүр. Ал «Шумер-намені» студенттерге, магистрант, докторантарға оқуға кеңес берер едім. Бұл «шумер» тілінің қазақ тілімен арасындағы алтын көпір. Мысалы, қазір герман тілдес халықтардың аталары біздің жыл санауымыздың басында 2000 мың жылдай бұрын «осгот», «весгот» деп жүрген Қара теңіздің солтүстігінде Қобан даласын мекендеп жүрген. Кейін оларды ғұндар ығыстырды. Герман тайпалары бүкіл Еуропаны бағындырып, жаңа мемлекеттердің негізін салды. Ал «готтарды» кімдер десеңіз, германдықтар біздің атамыз дейді. Ал рухани мұрасын қарасаң, «Томирис», «Спаргапис» сияқты сақ дәуірінің қаһармандарын олар біздің аталарымыз дейді. Олар массагерттер заманында «масса-гот» герман тайпалары. Жалпы біз деректі Геродоттан және Иордан деген герман тарихшысынан алып отырмыз. Біздің ұлы даладан кеткен этностардың барлығының бір алтын қазықтары қазақта қалып қалған. Мағжанның «Қара қазан», «Қарашаңырақ» дегені сол себептен. Тілімізде де, түрімізде де солай. Қазақ антропологиясы 70% біз монғолоидттық кескін, 30% европеоидттық кескін. Аралас нәсілміз. Біздің 30 процентіміз сол ерте уақытта болған 100 проценттен қалған европеоидттық түр. Бізді герман, үнді, арий, иран тайпаларымен жақындастырып тұрған сол. Тілімізде де 30% үнді-еуропалық сөздер бар. Мен хобби ретінде «көне қазақ тілі» деген жинақ бастап жатырмын. Кейбір адамдар «көне қазақ тілі деген жоқ. Оның не керегі бар?» деп сынап қояды мені. Шамамен 500-дей сөз жинап қойдым. Қазақ тілінде сақталған үнді-еуропалық тілдердің негіздері. Мысалы, «Шәуілдір» деген бізде жердің аты, ертедегі Оғыз тайпаларының аты. Ағылшындарда ол “иық” деген сөз. Енді ол қазақ жеріндегі «шәуілдірге» қалай сәйкес келіп тұр дейсіз ғой. Сол өңірде Отырардың жанынан ағатын Арыс деген өзен бар. Сол Арыстың бұрылатын жері, иығы. Қазақ өзі бүкіл өзеннің ағысына адамның дене мүшелерін сәйкестендіреді. Өзеннің қабағы, қолтығы дейді. Міне осындай толып жатқан жорамалдарымыз бар. Ғылыми қисынды дүниелеріміз бар. Қазақ тілі арқылы, қазақ антропологиясы, тарихы арқылы Еуразияның тарихын зерттеуге болады.
«Түркі әлемі» хабарының бүгінгі қонағы – тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаев.
Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан.