Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 18:00

Жаңалықтар 18:00

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданындағы су астында қалған ауылдардың халқымен кездесіп, оларға мемлекеттік комиссия шешімін жеткізді. Уақытша ашылған орталықтарда азаматтардың тұрмыстық жағдайларымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдады. Сарыағаш ауданының әкімдігіне бекітілген Игілік ауылындағы орта мектептегі эвакуациялық ошақта Жаңатұрмыс ауылының 200-ден астам тұрғыны орналасқан. Барлық эвакуациялық орталықтар азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттармен толық қамтылған. Үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Мұнда медицина және полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет етеді.

***

Облыс әкімі №5 мектеп-гимназиясына жайғастырылған Жеңіс елді мекені мен су басу қауіпі жоғары Нұрлыжол ауылының халқымен де кездесті. Орталыққа жауапкершілік Шардара ауданының әкімдігіне бекітілген. Мақтаарал ауданының аумағындағы 11 эвакуациялау орталықта 2404 адам орналастырылған. Өмірзақ Шөкеев Төтенше жағдайға қатысты ашылған арнайы қоймада болды. Сыйымдылығы 2000 тоннаға есептелген қоймада 232 тоннадан астам азық-түлік қоры жиналған. Ет, ұн, күріш, май және киім-кешек пен күнделікті қолданысқа қажетті заттар Мақтаарал ауданындағы эвакуациялық орталықтарға жайғастырылған тұрғындарға күнделікті таратылуда. Мұнда сын сағатында қол ұшын созған өңірдің барлық аудандары мен өзге облыстардан гуманитарлық көмек жеткізілуде.

***

Қазіргі уақытта Түркістан облысында мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары аудан бойынша орналасқан 19 эвакуациялау пунктерінде мақтааралдықтардың жоғалған құжаттарын қайта рәсімдеуге өтініштер қабылдап жатыр. Атап өтерлігі, су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден төленеді. Мырзакент елді мекенінде жиналыс өткізген облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев пен үкіметтік комиссия мүшелері Мырзакент төңірегінде Достық, Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударатын жаңа шағын аудан салынады деді. Жаңа тұрғын үй алабына барлық коммуникация желісі жүргізіліп, балабақшалар мен мектептер салынады. Ал су астында қалған екі ауыл — Фирдоуси және Өргебас ауылдарының азаматтарына облыс әкімі үш түрлі ұсыныс айтты: Басқа елді мекенде үйлер салып, сол жаққа көшу; Суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру; Тұрғын үйін өзі қалпына келтіруге ниет білдірсе, тиісті қаражаты аударылады. Бұл үш ұсыныстың қайсысын таңдау тұрғындардың өз еріктерінде болмақ, олар ортақ жиында бір шешімге келуі тиіс.

***

Бұдан бөлек, тұрғындар апат аймағында жүргізілетін құрылысқа шақырылды. Құрылыс жұмысына қатысушы азаматтарға жалақы төленеді. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығыны төленеді. Несиесін төлеу уақыты кейінге шегеріледі. Ал, жоғалған малдың шығыны Төтенше жағдай бойынша Штаб жанынан құрылған комиссия шешімімен өтеледі.

***

Елордадағы Еуразия ұлттық университетіндегі Журналистика және саясаттану факультетінің ашылғанына 10 жыл толды. Ұжым өкілдері мерейтой қарсаңында арнайы апталық шараларды қорытындылады. Намазалы Омаш, Қайрат Сақ сынды профессор ғалымдардың жетекшілігімен факультет осы уақытқа дейін 1000-ға жуық түлекті ұядан ұшырған. Биыл факультет алғаш рет спорт журналистикасы білім бағдарламасын әзірледі, - дейді спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбекұлы.