Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 14:00

Жаңалықтар 14:00

Елордалық оқушылардың биылғы мектеп бітіру бағдарламасы жарияланды. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова 25 мамырда барлық мектепте оқу жылының аяқталатынын жеткізді. Ал бүгін сағат 15.00 де Balapan, Elarna телеарналарында 11 сынып бітіруші түлектерге арналған кәсіптік бағдар беру бойынша бірыңғай телесабақ көрсетіледі.

***

Қазақстанның барлық қалалары арасындағы әуе қатынасы 25 мамырдан бастап қалпына келтіріледі. Әуе компаниялары көліктегі бас санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздіктің жоғары шараларын сақтай отырып, жұмысқа кіріседі. Комиссия шешіміне сәйкес, 25 мамырдан бастап Атыраудан Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Шымкент бағытында әуе рейстері қайта ашылады. Әуе компаниялары рейстер санын өздері белгілейтін болады.

***

Ертең Шығыс Қазақстан облысында балабақшалар мен ХҚКО-ы жұмыс істей бастайды. Аймақ әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, өңір ішінде Семейді қоспағанда, барлық автобус тасымалы қайта қалыпқа келеді. Қазіргі уақытта коммерциялық нысандардың 65%-ы жұмыс істеп тұр. Мейрамханалар мен дәмханалардың есігі ашық. Санитарлық нормалардың сақталуы қатаң бақылауда.

Сондай-ақ өскемендіктер үшін жағымды жаңалық! Ертеңнен бастап қала тұрғындары Бұқтырма, Сібе, Таулы Үлбі сынды сүйікті демалыс орындарына бара алады.

***

Түркістан облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжат қабылдау басталды. Аймақ тұрғындарына өзі тұратын өңірден, аудан орталықтары не Түркістан, Кентау қалаларынан баспана сатып алуға мүмкіндік берілді. Шарт бойынша, болашақ үй иесінің және бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы тиіс. Табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасына үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар ғана қатыса алады. Жылдық мөлшерлемесі - 2%, ал бастапқы жарнасы -10% болатын несие 20 жылға дейін беріледі.  

***

Шымкент қаласының іргесіндегі су тасқынынан зардап шеккен Елтай ауылында жаңадан баспаналар салынатын болды. Қайта салынатын 5 тұрғын үйге «Шымкент қайырымды қала» әлеуметтік қорынан қаражат бөлініп отыр. Қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев аталған елді мекеннің тұрғындарымен кездесу барысында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары осы аптаның соңында басталатынын атап өтті. Құрылыс компанияларына үйлерді бір жарым айда салып бітіру тапсырылды. Бұдан бөлек, су басқан 32 үйге залал келгені туралы комиссия шешім шығаратын болса, әлеуметтік қордан қалпына келтіру жұмыстарына тиісті қаражат бөлінеді.