Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 3.06.2020

Қорытынды жаңалықтар 3.06.2020
  • Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовты қабылдады.  
  • Ақмәди Сарбасов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болып тағайындалды.
  • Алматыда вирус жұқтырғандардың саны азаймай отыр, карантин шаралары күшейтілуі мүмкін.
  • Ақтөбе хром қосындылары зауытындағы оқыс оқиғадан тағы бір жұмысшы қайтыс болды.
  • «Елбасы медалі» бағдарламасы жастарды дамытуға бағатталады.
  • Польшада 28 маусымда кезекті президент сайлауы өтеді.
  • eGov.kz сайты арқылы Бірінші сыныпқа қабылдау үшін мыңнан аса өтініш түскен. 
  • Ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жарияланды.                                                                                                                                                                                                                                                                                   


Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовты қабылдады. Өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі мен туризм, көлік-логистика бағыттарын дамыту, ауылшаруашылығы саласындағы шағын несиелеуді қолдау шаралары туралы айтты. Мемлекет басшысы өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, өндірісті дамыту мен аймаққа инвестиция тарту, туризм саласындағы жобаларды жүзеге асыру және коронавирус індетіне қарсы күрес жөнінде бірқатар тапсырма берді.

***

Ақмәди Сарбасов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Ол Батыс Қазақстан облысының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Еуразия гуманитарлық университетін тәмамдаған. Түрлі жылдары ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымында жұмыс істеді. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы — ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметер атқарды. Жаңа қызметке дейін ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі болды.

***

Алматыда вирус жұқтырғандардың саны азаймай отыр. Бұл туралы Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг барысында айтты. «Алматы қаласында вирусты сырттан әкелгендердің үлесі - 3,7%. Профилактикалық тексеру кезінде 783 адамнан вирус табылды, ол - барлық науқастардың 28,8%. Өз еркімен тексеріске келгендер үлесі - 3,3%, байланыста болғандар – 1842 адам, яғни 67,8%. 1647 адам жазылып, үйіне шықты», - дейді Жандарбек Бекшин. Оның айтуынша, қазір Алматыда коронавирус жұқтырған 2715 адам бар.

***

Алматыда карантин шаралары күшейіп, санитарлық талаптарды орындамаған кейбір нысандар жабылуы мүмкін. Бұл туралы қалалық бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин айтты. «Карантин шаралары тек жалғасып қана қоймайды, күшейетін болады. Біз бассейн, жағажай, саябақ аумағында орналасқан аттракциондарды, сауда орындарын ашпаймыз. Сондай-ақ, мектеп жанындағы сауықтыру орындары да жабық болады. Себебі, балаларға вирус жұғу қаупі бар», - деді ол. Сонымен қатар, қала билігі шипажайлар, мәдениет, кинотеатрлар, фудкорт алаңдарын ашуды жақын арада жоспарлап отырған жоқ.

***

Ақтөбе хром қосындылары зауытындағы оқыс оқиғадан соң ауруханаға түскен 32 жастағы жұмысшы қайтыс болды. Зауытта күйік шалған екі жұмысшы ауыр халде облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген еді. Сол жерде бір апта ем қабылдаған 32 жастағы жүргізуші бүгін көз жұмды. Аурухананың бас дәрігері Сәкен Қапановтың айтуынша, оның денесінің 60 пайызын күйік шалған. Айта кетейік, 28 мамыр күні зауыттағы сыйымдылығы 50 текше метр болатын бөшкені тазартқан төрт жұмысшы оқиға орнында мерт болды. Ал екеуі ауруханаға түсіп, ем қабылдады. Қылмыстық кодекстің «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша тергеу басталды. Учаске шебері, бөлім бастығы және №4 цех бастығы ұсталды. Олар тергеу аяқталғанға дейін қамауда отырады.

***

«Елбасы медалі» бағдарламасы жастарды дамытуға бағатталады. Бұл туралы «Елбасы Академиясы» КҚ директорының орынбасары Әнуар Жанғозин айтты. Бағдарламаның негізгі символы - табыстың 7 жебесін білдіреді. Осы жеті бағыт бойынша бағдарламаны аяқтау жеке тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуына ықпал етеді. Ол - «Спорт және дене шынықтыру», «Кітап оқу», «Дарын мен дағды», «Ұлттық мұра», «Еріктілік», «Туристік саяхаттар» және «Еңбек тәжірибесі» бағыттары. Жобаның басты мақсаты - 14 пен 29 жас аралығындағы қазақстандықтарға өзін жетілдіруге жаңа серпін беру, даму жолында барынша қолдау көрсету», - деді Әнуар Жанғозин.

***

Польшада 28 маусымда кезекті президент сайлауы өтеді. Бұл туралы брифингте Сейм спикері Эльжбета Витек мәлімдеді. Дауыс беру аралас тәсіл бойынша өтеді: азаматтар сайлау учаскесіне барып дауыс бере алады және пошта арқылы да таңдауын жасауларына болады. Қашықтан дауыс бергісі келген Польша тұрғындары бұл туралы 16 маусымға дейін хабардар етуі тиіс, шет елде тұратын азаматтар 13 шілдеге дейін дауыс беруге өтініш жібере алады.

 ***                                                                                                                        

eGov.kz сайты арқылы Бірінші сыныпқа қабылдау үшін мыңнан аса өтініш түскен. Әзірге ірі мегаполистер белсенді. Білім беруді цифрлық трансформациялау департаментінің басшысы Қанат Кеңбайдың айтуынша, құжаттарды бірінші тамызға дейін әдеттегідей қағаз түрінде де өткізуге болады. Баласын мектепке тіркейтін әр ата-анадан өтініштен бөлек, туу туралы куәліктің көшірмесі және денсаулығы туралы анықтама сұралады.

***

Ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жарияланды. Ертең Маңғыстау облысының солтүстігінде қатты жел соғып, найзағай ойнайды. Күндіз оңтүстікте 38 градус ыстық болады. Батыс Қазақстан облысында кей жерлерде күн күркірейді. Орал қаласында найзағай ойнап, жел соғады» деп хабарлайды Қазгидромед.