Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 9:00

Жаңалықтар 9:00
  • Ғылым комитеті ғылыми институт басшыларын тағайындады.
  • Жапондар короновирусты анықтайтын роботтарды шығаруда.
  • Швецияның бас дәрігері елде дер кезінде карантин жарияламағанына өкінетінін айтты.


Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ведомстволық ұйымдарында бірқатар кадрлық тағайындау болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Анар Фазылжанова – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры болып тағайындалды. Дүкен Мәсімханұлы – Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры, Еркін Әбіл – Мемлекет тарихы институтының директоры болып тағайындалды.

***

Беларусь Президенті Александр Лукашенко іс басындағы Үкімет құрамын отставкаға жіберу шешімін қабылдады. Бұл туралы «Беларусь 1» телеарнасының эфирінде айтылды, деп жазады БЕЛТА. Жаңа үкімет құрамын жасақтау мәселесі де А.Лукашенконың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланған.

***

Жапониялық компания медицина қызметкерлері арасында коронавируске шалдығу оқиғаларының санын азайту мақсатында ПТР-тест жүргізетін роботталған жүйені құрастыруда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Жапониялық БАҚ-тардың мәліметінше, бірнеше робот қатар жұмыс істейді. Біріншісі адамнан анализ алады. Екіншісі биоматериалды зерттеу құрылғысына салады. Ал үшіншісі реагенттермен жұмыс істейді. Роботтарды «Kawasaki Heavy Industries» және «Sysmex»-тің бірлескен компаниясы ойлап тапқан. Билік өкілдері компанияға 460 мың доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетеді. Сондай-ақ ауруханалар мен өзге де мекемелерде сынақ алаңдарын ұсынады.

***

Швецияның бас санитар дәрігері Андерс Тегнелл коронавируспен күресте өзі ұсынған әдістің қате болғанын мойындады. Ол елде карантин жариялауға қарсы болған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл індет туралы қазір білетін мәліметтерімізді сол кезде білгенде біз қазіргі Швецияда жасалған іс-әрекеттер мен бүкіл әлемдегі карантиннің ортасындағы дара жолды ұстанатын едік», - деді Тегнелл Швед радиосына берген сұхбатында. Эпидемиологтың пікірін өзгертуіне елде пандемиядан көз жұмғандардың тым көптігі себеп болды. Айта кетейік, Джонс Хопкинс университеті таратқан мәліметке сенсек, Швецияда 40 803 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 4542 адам қайтыс болды.

***

Екібастұзда теміржолшылар үш жыл бойы вагондарды тонап, 24 млн теңге шығын келтірген. Көліктегі полиция қызметкерлері қылмыскерлерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ұры алыстан келмеген, ол теміржолшылардың өздері болып шықты. Олар 95 жүк вагоны мен 116 жартылай вагоннан тежегіш құралдарының бөліктерін, штурвалдарды, біліктерді қолды еткен», - дейді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Сарықұл Жоланов. Қылмысқа қатысты адамдар 2017 жылдан бері вагон тонап жүргенін мойындаған. Ұрланған темір-терсекті «болгаркамен» өңдеп, сырлап, тазартып, өткізіп жүрген. Олар 2 жарым жылдан 5 жарым жылға дейін бас бостандығынан айырылды.