Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 9:00

Жаңалықтар 9:00
  • Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан 92 адам ауыр халде жатыр.
  • Алматыда COVID-19 инфекциясына скрининг жүргізетін мобильді зертхана ашылды. 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия, Беларусь, Тәжікстан елдерінің Президенттерімен телефон арқылы сөйлесті. Александр Лукашенко Елбасын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке және Қазақстан тарихындағы жаңа міндеттерді сәтті іске асыруды тіледі. Ал Режеп Тайип Ердоған Елбасын мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық және көпжоспарлы мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер тіледі. Түркия Президенті қазіргі Қазақстанның даму тарихы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екендігін айтып, оның екі ел арасындағы қатынастарды қалыптастырудағы елеулі рөлін атап өтті. Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Елбасын 80 жасқа толуымен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және көпқырлы мемлекеттік қызметте табыс тіледі.

*****

Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Әзербайжан Президенті Елбасын 80 жасқа толуымен құттықтап, мықты денсаулық, бақ-береке және бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолындағы жасампаз істеріне табыс тіледі. Елбасы Ресей Федерациясының Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевпен де телефон арқылы сөйлесті. Ол Елбасын мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат және Қазақстанды дамыту бойынша жоспарларын одан әрі жүзеге асыра беруін тіледі.

*****

Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан 92 адам ауыр халде жатыр. БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов мәлім еткендей, өңірде ахуал өте күрделі болып отыр. «30-дан астам науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылса, 52 адам оттегі маскасын тұтынуда. Ауруханалар дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.Облыстық көпбейінді ауруханада 20-дан астам медбике және 30 кіші қызметкер, қалалық ауруханада 30 медбике, 40 кіші қызметкер жетіспейді» деді ол. Болатбек Қаюповтың сөзіне қарағанда, індетпен күреске 700-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылған. Олардың 150-ден астамы өздері ауырып, емделіп шықты.

*****

Алматыда COVID-19 инфекциясына скрининг жүргізетін жекеменшік мобильді зертхана іске қосылды. «Алғашқы екі зертхана салынды. Қала басшылығына зертханалардың бірін қалада қалдыру жөнінде ұсыныс жасадық. Бастамамызды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қолдады», – деді машина жасау жобасының директоры Павел Беклемишев. Сонымен қатар,ол зертхананың ПТР скрининг өткізу үшін ҚХР, Тайвань және Оңтүстік Корея елдерінің қажетті құралдарымен толықтай жабдықталғанын атап өтті. Зертхананың жобалық өндірісі - тәулігіне 500 сараптама. Зерттеу материалдары қаланың медициналық мекемелерінен тегін медициналық көмек кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында жолданады. Осылайша Алматыда коронавирус инфекциясын анықтайтын 7 зертхана жұмыс істеп тұр.

*****

Шымкентке дәрі-дәрмектің мол көлемі жеткізілді. Преппараттар қазір қоймадан тікелей дәріханаларға жөнелтіліп жатыр. Шаһарда вирусқа қарсы, ыстық түсіретін және көптеген антибиотик тапшы болған еді. Қала әкімінің айтуынша, дәрі-дәрмектің көбі алып-сатарлардың қолына түскен. Арнайы рейд барысында жаппай сатып алуды ұйымдастырған адамдар анықталды. Олар дәрі-дәрмек тапшылығын тудырып, кейін дәрілерді нақты құнынан бірнеше есе артық бағамен қайта сатқан. Қала тұрғындары дәріханалардан дәрі таппаған жағдайда 109 сенім телефонына қоңырау шалуына болады.