Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 12:00

Жаңалықтар 12:00

6 08 20 12 00

• Атырауда науқастарға баллон тасыған спортшылар ауруханадағы жұмысын аяқтады. 

• Көшеде «маньяк» жүр деп жалған ақпарат таратқан әйел ұсталды.

• Қызылорда облысында той жасамақ болған тұрғын жауапкершілікке тартылды.


Қазақстанда темекі шегуге тыйым салынған орындар тізімі кеңейтілді. Енді жабық автобус аялдамаларында, балалар алаңдарында, метрода және жерасты өткелдерінде электронды темекі, кальян және темекі шегуге тыйым салынады. Сондай-ақ кальянды дәмханаларда, қоғамдық орындарда, жазғы кафелерде шегуге болмайды. Бұған дейін хабарланғандай, енді темекі және кальянға арналған түрлі қоспалар 21 жастан бастап сатылады. Тағы бір жаңалық – темекі мен кальян қоспалары дүкен сөрелерінде болмайды. Бұл ереже келесі жылдан бастап күшіне енеді. Кальянға қарсы шектеулерге қарамастан, тек шілде айының өзінде елордалық полиция 20 заңбұзушылықты тіркеді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері күн сайын рейдтер өткізеді. Кальян мен темекіні рұқсат етілмеген жерде шеккені үшін айыппұл мөлшері екі есеге артып, 42 мың теңгеге жетті. 

*****

Солтүстік Қазақстан облысында 27 жастағы әйел Мамлютка қаласында «маньяк» пайда болды деп жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оқиға өткен демалыс күндері Мамлютка қаласында болған. WhatsApp мессенджерінде жергілікті топтарда «Сақ болыңыздар! Мамлютка қаласының жұмысшы кентінде маньяк пайда болды, кешқұрым жұрттың соңына түседі» деген мәтінмен ер адамның фотосуреті тарап кеткен. Фейк ақпаратты аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтен өткізу барысында анықтайды. Хабарлама авторы да көп ұзамай табылды. Мамлютканың 27 жастағы тұрғыны жалған ақпаратты таратқанын мойындады. 

*****

Қызылорда қаласында жергілікті тұрғын аулада 100-ге тарта адамды жинап, үйлену тойын өткізбек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оқиға Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылында тіркелді. Той қалалық мобильді топтың араласуымен тоқтатылды. Мамандар бүгінге дейін қала аумағында орналасқан 9 мыңға жуық нысанды аралады. Карантин талаптарын сақтамаған 160 нысан анықталды. Оларға тиісті шара қолданылды. 

*****

Атырауда науқастарға баллон тасыған спортшылар ауруханадағы жұмысын аяқтады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, жергілікті спортшылар облыстық ауруханаға шілденің басында көмекке келген. Кейін аудандық ауруханалардағы ақ халатты абзал жандарға қол ұшын берген. Қазіргі уақытта науқастар саны азайып, емделушілердің көбі оттегі баллонын пайдаланбайтындықтан, біз ауруханадағы жұмысымызды аяқтадық. Мұны жақсылықтың нышаны деп білеміз», - деді облыстық олимпиада резервін даярлау орталығының әдіскері Нұрлыбек Даралиев. Ауруханаларға көмек көрсеткен спортшылардың бәрі бір апта бұрын коронавирус инфекциясына тест тапсырған. Тест қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен. 

*****

Жаркенттегі жағымсыз иістің неден шыққанын арнайы комиссия анықтайды. Жергілікті тұрғындар зауыттың тазарту қондырғыларынан ауаға тарайтын жағымсыз иіске бірнеше рет шағымданған. Бар мәселе зауыттың қалалық коммуналдық тазарту қызметіне сеніп, жеке қоқыс тазарту құрылғысынсыз жобаланғанында болып отыр. Ал 2018 жылы қалалық коллектор ластаушы заттардың көптігінен, бұл істен бас тартқан. Коллектор мұндай көлемге қызмет көрсете алмайтын еді. Сондықтан компания коллекторын салғанымен, қалдықты тазартпай, тікелей, сүзу алаңына құбыр арқылы жіберіп отырған», - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов. Нәтижесінде жүгері өңдеуден қалған қалдықтың көп бөлігі сүзу алаңына жиналып, содан жағымсыз иіс шыққан. Экология министрлігі кәсіпорынды жақын арада толықтай тексеріп шығады. Заңбұзушылықтар расталса, онда шығарынды төгуге тыйым салудан бастап, кәіпорынды жабуға дейін мәселе қойылады.