Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 10.08.2020

Қорытынды жаңалықтар 10.08.2020

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенкоға Беларусь Республикасының Президенті қызметіне қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. «Беларусь халқы Сіздің кандидатураңызға дауыс бере отырып, экономикалық реформалар саясатын жалғастыруды, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды және Беларусь Республикасының халықаралық беделінің нығая түсуін қолдайтынын тағы бір мәрте растады. Достық пен өзара құрмет дәстүрлеріне негізделген Қазақстан-Беларусь стратегиялық серіктестігін дамытуға қосқан Сіздің жеке үлесіңізді ерекше атап өткім келеді. Бұл ретте Қазақстан Беларусьпен екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да байланыстарды кеңейту және тереңдету ісін жалғастыруды көздеп отыр», - делінген жеделхатта.

*****

Сонымен қатар, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконы Беларусь Президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады. «Саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халық Сіздің Беларусь мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға негізделген стратегиялық бағытыңызды қолдайтынын көрсетті», – делінген жеделхатта. Президент екі ел халқының игілігі үшін Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта да табысты дами беретініне сенім білдірді.   

*****

Бүгін - ұл­­ты­­мыздың ұлы ақы­ны, ойшыл тұл­­ғасы Абай Құнан­­бай­­ұлы­ның ту­ға­нына 175 жыл тол­ды. Үкімет қаулысымен елімізде 10 тамыз – Абай күні деп белгіленіп отыр. Яғни жыл сайын осы күнді біз ұлы баба рухын ұлықтап, арнайы мереке ретінде атап өтетін боламыз. Елеулі күнге орай ең алдымен Egemen Qazaqstan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы жарық көрді. Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты со­ның көпшілігін онлайн форматқа ауыс­тырдық. Әрине сан сынақтан сү­рін­беген халқымыз бұл дертті де жеңе­ді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мәң­гілік. Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туын­ды­ларынан терең тәлім алуда, дейді Президент. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді. Ең алдымен, білім игеру. Екінші, тәрбие мәселесі. Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Төртінші, ынтымақ мәселесі. Кемеңгердің де жан-жүре­гімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сон­дық­тан бүгінгідей қиын шақта Абай мұ­расына жүгіну өте өзекті болып отыр,-деген Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта гуманитарлық пән­дер­дің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абай­тану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керектігін жеткізді. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абай­та­ну» оқулығы мен хрестоматиясын әзір­леу қажет. Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абай­мен мақтануға тиіс, деп жазды Мемлекет басшысы. 

*****

Бүгін бірқатар тұлғалар Абай мұрасын насихаттағаны үшін «Достық» орденімен марапатталды. Тиісті Қаулыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауда сіңірген еңбегі үшін   Бразилия, Мысыр, Түркия, Германия, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі, Қытай, Ресей, Испания, Армения, Иран еліндегі жазушылар награтталды. 

*****

Бүгін шетелдердегі елшіліктерде және еліміздің барлық өңірінде Абай күні алғаш рет аталып өтілді. Басқа елдерде Абайға арналған пошта маркалары, өлеңдер және поэмалар жинағы, қара сөздері жарыққа шықты. Республиканың барлық облыстарында Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Абай залы ашылса, Елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» сериясы бойынша жарық көрген 12 кітаптың тұсаукесері өтті. Шымкентте театрландырылған қойылымдар көрсетілсе, Оралда «Абай оқулары» байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды. Еліміздің барлық театрлары спектаклдер көрсетіп, мәдениет ошақтары Абай әндерінің концертін ұйымдастыруда. Барлық шаралар онлайн режимде өтуде. 

*****

Нұр-Сұлтан тұрғындары Абайдың 175 жылдығына орай музыкалық челлендж бастады. Абай әнін бірінші болып түрлі салада қызмет ететін мамандар орындады, олар - дәрігерлер, автобус жүргізушілері, полицейлер, құтқарушылар, мұғалімдер сондай-ақ волонтерлер. Оларға қазақстандық эстрада жұлдыздары қолдау білдірді. Барлығы сүйіп тыңдайтын «Көзімнің қарасы» әні жаңаша шырқалды. Тұрғындар композицияны шырқап қана қоймай, оны түрлі аспаптарда да орындады.

*****

ҚР Орталық сайлау комиссиясы биылғы 12 тамызға белгіленген Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына дайындық мәселесі бойынша отырыс өткізді. Комиссия Төрағасы Берік Имашев мәлім еткендей, 10 тамыз сағат 00:00-де кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаттары аяқталады. Мәліметтерге сәйкес, сайлау бюллетендеріне 46 кандидат енгізілді. Тіркеуден кейін 12 үміткерден кандидатураларын алып тастау туралы өтініш берілді. Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3069 мәслихат депутаты енгізілген. Берік Имашев өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті.

*****

Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті. Сонымен қатар, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде ауруханалардағы орын 60 пайызға босады, науқастардың 73 пайызға жуығы емделіп, үйлеріне шығарлды. Жалпы, өлім-жітім жағдайы былтырғымен салыстырғанда оң нәтиже көрсетіп отыр, - дейді ресми өкіл.

*****

Елорда әкімі қала тұрғындарына үндеу жасады. Алтай Көлгінов азаматтарды сақтық шаралары мен санитарлық нормаларды карантиннен кейін де барынша сақтауға шақырды. Карантин алынғаннан кейін эпидемиологиялық жағдай бірден жақсарып кетпейді. ОРВИ маусымын ескерсек, жылдағыдай медициналық мекемелерге аурытпалық түседі. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Елорда басшысының айтуынша, қажет болған жағдайда барлық 16 инфекциялық стационар қайта ашылады. «Ертеңнен бастап қалалық емханалар жоспарлы қабылдауды қайта жалғастырады. Бірақ індетті жұқтыру қаупі жойылды деуге әлі ерте. Инфекцияны тоқтату үшін сақтық шаралары мен санитария нормаларын барынша сақтау қажет», - деді Алтай Көлгінов.