Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 10.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 10.09.2020
  • Қ.Тоқаев СҚО-да оңтүстік аймақтан көшіп келген тұрғындармен жүздесті.
  • ШҚО-ның Риддер қаласында жаңа аурухана мен мектеп салынады.
  • Оңтүстік Кореяда электронды маска шықты.
  • Кентау тұрғыны мемлекеттік қолдаудың арқасында шұлық шығаратын цех ашты.
  • Онлайн сабақтар үшін оқушыларға 435 мың компьютер уақытша пайдалануға берілген.
  • Орынбасары парамен ұсталғанған әкім қызметінен кету туралы өтініш берді.


Мемлекет басшысы бүгін Қостанайдан соң Солтүстік Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24». Алдымен, шаруалармен кездескен Президент облыстағы ауылшаруашылық техникасының жағдайын сұрады. Өңірде ауылшаруашылығы техникасын құрастыратын неміс компаниясы жұмыс істейді. Алдағы уақытта шаруалар техникаларды зауыттан 50 проценттік жеңілдікпен ала алады. Егінді аралап, диқандармен жүздескен соң Президент Чапаев ауылына барды. Бұл жақта Мемлекет басшысы оңтүстік аймақтан көшіп келген тұрғындармен жүздесті. Былтыр өңірге 736 отбасы көшіп келсе, биыл тағы 700 жанұя қоныс аударады. Келгендердің бәріне үй беріледі. Тұрғындар бұл баспананы 5 жылдан соң жекешелендіріп ала алады. Айта кетейік, екі жылдан бері облыста пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Мақсат – жұрт тығыз орналасқан, жұмыс күші көп аймақтан жұмыс күші аз солтүстікке адам көшіру. Сөйтіп халықтың еңбек етуіне жағдай жасау.

***

Онлайн сабақтар үшін оқушыларға 435 мың компьютер уақытша пайдалануға берілген. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Елдегі 7 мың мектептің 3 мыңы шалғай ауылдарда орналасқан. Ол жақта білім беру дәстүрлі форматта өтіп жатыр. Кезекші сыныптарға 753 мың бала барады. Жалпы ел бойынша күніне шамамен 2 млн сабақ өткізіледі. 1 млн тапсырма беріледі. Мәселен, Kundelik.kz сайтында 700 мың баға қойылады. Платформалардың орташа қаралымы – 70-80 млн. Бұл жұмыстарға 500 мыңнан астам мұғалім жұмылдырылған.

***

ШҚО-ның Риддер қаласында жаңа аурухана мен мектеп салынады. Өңір басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Риддер қаласына барып, бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әкімнің айтуынша, жаңа аурухана 140 орындық. Жанынан емхана да бой көтереді. Қазан айында облысқа 216 жедел жәрдем көлігі жеткізіледі», - деді облыс әкімі. Риддерді дамытуға биыл 2 млрд. 600 млн. теңге бөлінген. Ал жаңадан салынғалы жатқан білім мекемесі 600 оқушыға шақтап салынады.

***

Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Өркен Тәжібаев пара алып, алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Оған 2 млн 750 мың тг көлемінде айыппұл салынған. Экс-орынбасар енді мемлекеттік қызметке де орналаса алмайды. Билігін асыра пайдаланған ол өндірістік кооперативтердің біріне 500 мың теңге шығын келтірген. Әрі кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан. Сондай-ақ аудандағы мұқтаж отбасылар үшін медициналық маска сатып аламын деген сылтаумен кәсіпкерлерден 125 мың тг алып, өз қалтасына басқан. Орынбасары жемқорлықпен ұсталған аудан әкімі қызметтен кетуге өтініш берген. Оның жұмыстан кету-кетпеуін енді облыс басшысы шешеді.

***

113 қарағандылық отбасы тұрғын үй сертификаттарын алды. Бұл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Алынған сома бір миллион теңгеден аспайды – тұрғын үй құнының 10%. Әдетте, сертификаттар ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көп балалы ата-аналарға, жалғыз басты аналарға беріледі. Олардың барлығы пәтер алуға кезекте тұруы керек. Бұл бәріне бірдей шарт.

***

Кентау тұрғыны мемлекеттік қолдаудың арқасында шұлық шығаратын цех ашты. Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны Әлішер Ерметұлы Қарнақ ауылынан «QARNAQ TEXTILE» деп аталатын цехты іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгінде кәсіпорын әртүрлі жыл мезгіліне арналған шұлықтың 20-ға жуық түрін жасап дайындап, сатылымға шығаруда. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның көмегімен 4 млн. теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, сол қаржыға Қытайдан соңғы үлгідегі құрылғы сатып алған. Қазір дайын өнімді Кентау, Түркістан базарларына шығаруда.

***

Оңтүстік Кореяда электронды маска шықты. Ақылды бетперденің өзгелерден ерекшелігі – ауа тазартқышын ауыстырып отыруға болады, деп хабарлайды «Хабар 24». Батарея орнатылған фильтр адам терісін тітіркендірмейді. Әрі көзілдірік тағатындарға ыңғайлы. Яғни адамның тыныс алуы жеңілдеп, көзілдірігі терлемейді. Инновациялық масканы күніне 8 сағат тағуға болады. Ал ультракүлгін сәулесі бар қапшығы вирусты жояды. Өндіруші компания ақылды маска жақын арада сатылымға шығатынын хабарлады.

***

Тамыз айының басында жойқын жарылыс болған Бейрут портында тағы да өрт шықты, деп хабарлады Reuters. Порттың қираған аймағынан өрт түтіні шығып жатқандығы айтылған. Ливанның Қызыл Крест бас директорының хабарлауынша, Бейруттың үстіндегі қою қара түтін порттағы қоқыстардың өртенуінен болған.

***

Олимпиада чемпионы, кәсіпқой боксқа ауысқан Данияр Елеусінов рингке қарашаның соңында шығуы мүмкін, деп хабарлады Vesti.kz. Жартылай орта салмақта жұдырықтасатын 29 жастағы боксшы биыл жекпе-жек өткізбеді. Ал алдағы кездесу оның мансабындағы алғашқы титулды айқас болады.

***

Қазан айынан бастап, темекі өнімдері міндетті түрде таңбалануы тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне қарағанда, бұл шаралар нарықтың ашықтығы мен тұрғындарды жасанды өнімдерден, әсіресе, денсаулыққа зиян контрафактіден сақтауға арналып отыр. Жаңа талап бойынша, темекі өнімінің кез келген айналымында шығарылған мерзімнен бастап 2D-СКАНЕР қолданылуы тиіс. Бұл шынайы өндірушінің тауар сапасына кепілдігін қамтамасыз етеді.

***

Сал ауруына шалдыққан елордалық жігіт каратэден қара белбеу иегері атанды. Айдос Медьянов туғаннан сал ауруына шалдыққан. 24 жасында ол елордада каратэ мектебінің негізін қалаушы - Рүстем Сұлтанбековке барып, шығыс жекпе-жегін үйренгісі келетінін айтқан. Жаттығудан қалмай, өзгелермен тең дәрежеде дайындалу керек деген талап қойған ұстаз оны өз мектебіне қабылдайды. 8 жыл бұрын каратэ мектебіне мүгедек арбасына танылған күйде келген жігіт бүгінгі таңда балдақсыз жүре алатын күйге жеткен. Ол - дүние жүзі бойынша қара белбеуге ие болған сал ауруы диагнозы бар жалғыз адам. Мен адам бағындыра алмайтын шың болмайтынын өз-өзіме дәлелдегім келді және үйде мүгедек арбасына танылып отырғандарға рух сыйлағым келді. Өмірді жақсы жаққа өзгерту әр адамның өз қолында. Міне, осы мақсатыма жеттім, енді екінші, үшінші, төртінші данды алғым келеді.