Ақпарат таратуда әлеуметтік желілер көш бастаса да, телеарналарға сенім артып келеді – зерттеу
Ақпарат таратуда әлеуметтік желілер көш бастаса да, телеарналарға сенім артып келеді – зерттеу
Қазақстанның ақпараттық кеңістігі көпарналы сипатта қалып отыр. Ақпарат алудың негізгі арналары ретінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер көш бастап тұрғанымен, 2026 жылдың III тоқсанында қазақстандық телеарналарға деген сенім деңгейі айтарлықтай артқан. Бұл туралы Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр.
Респонденттердің ең көп үлесі олар сенетін ақпарат көзі ретінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі таратулар мен жарияланымдарды көрсетеді – 39,1%.
Екінші орында қазақстандық телеарналар тұр – 33%. Ағымдағы жылдың II тоқсанымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,3 пайыздық тармаққа өскен. Бұл ақпарат көздеріне деген сенім құрылымындағы ең елеулі өзгерістердің бірі болды.
Сонымен бірге қазақстандық қоғамда ақпарат алудың бейресми арналарына деген сенім де сақталып отыр: сауалнамаға қатысқандардың
16%-ы достарына, әріптестеріне және туыстарына сенетінін атап өткен. Ешбір ақпарат көзіне сенбейтін респонденттердің үлесі 15,5%-ды құрады.
Халықаралық ақпарат агенттіктерінің сайттарына респонденттердің 9,2%-ы сенім білдірсе, 4,8%-ы радио арқылы берілетін ақпаратқа, 5%-ы баспа басылымдарындағы ақпаратқа сенім білдіреді.
Зерттеу нәтижелері цифрлық арналардың дамуы дәстүрлі медианың біржақты ығыстырмағанын көрсетті. Керісінше, ақпаратты тұтынудың гибридті моделі қалыптасып келеді. Бұл модельде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер телевидение және ресми онлайн-ресурстармен қатар қолданылады.
Тұрғылықты жері бойынша көрсеткіштер де назар аударуға тұрарлық. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге деген сенімі қала тұрғындарына қарағанда жоғары – 45,4% және 35,5%. Сонымен бірге ауыл тұрғындары қазақстандық телеарналарды да жиірек атап өткен – 35,6%, ал қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 31,4%-ды құрады. Бұл цифрлық және дәстүрлі ақпарат арналарының бір-бірімен бәсекелесіп қана қоймай, халықтың күнделікті ақпараттық қажеттіліктерін қамтамасыз етуде бірін-бірі толықтыра алатынын көрсетеді.
Жас ерекшелігі бойынша көрсеткіштер әлемдік үрдістерге сәйкес келеді: респонденттер неғұрлым жас болған сайын, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ақпаратқа соғұрлым жиі сенім білдіреді. Атап айтқанда, 18-28 жас аралығындағы респонденттер арасында бұл көрсеткіш 48%-ды құраса, 61 жастан асқан респонденттер арасында 26,9%-ға тең. Сонымен қатар, аға буын өкілдері жастармен салыстырғанда қазақстандық телеарналарға дәстүрлі түрде көбірек сенім білдіреді. Бұл көрсеткіштер тиісінше 43,8% және 26,8%-ды құрады.
Бұл ретте теледидар кең ауқымды әлеуметтік аудиторияны сақтайды: қазақстандық телеарналарға деген сенім деңгейі барлық білім беру топтарында 30%-дан асады. Ең жоғары көрсеткіш кәсіптік-техникалық білімі бар респонденттер арасында тіркелді – 35,3%.
Білім деңгейі цифрлық және ресми ақпарат көздерін таңдауға едәуір ықпал етеді. Білім деңгейі жоғарылаған сайын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенім білдіретіндердің үлесі орта білімі бар респонденттер арасындағы 35,5%-дан жоғары білімі бар респонденттер арасында
43,4%-ға дейін өседі. Мемлекеттік органдардың ресми сайттарына деген сенім де тиісінше 10,3%-дан 17,7%-ға дейін артқан.
Жалпы алғанда, халықтың ақпарат көздеріне деген сенім құрылымы тұрақты болып қалуда. Алайда жекелеген ақпарат көздеріне деген сенім деңгейі жас және білім ерекшеліктеріне қарай сараланады. Жастар мен білім деңгейі жоғары респонденттер цифрлық және ресми онлайн-ресурстарға көбірек сенім білдірсе, жас ұлғайған сайын дәстүрлі медиаға деген сенім арта түседі.
Сонымен бірге қазақстандық телеарналарға деген сенімнің өсуі цифрлық медианы тұтыну ауқымы кеңейген жағдайда да дәстүрлі медианың қоғам үшін маңызын сақтап отырғанын көрсетеді. Қазіргі ақпараттық ортада бір арнаны екіншісімен алмастыру емес, әртүрлі дереккөздердің халықтың әртүрлі топтарының ақпараттық қажеттіліктеріне сенімділік пен жауап беру қабілеті шешуші болып табылады.
«Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың негізгі индикаторлары бойынша тоқсан сайынғы сауалнама» 2026 жылдың ІІІ тоқсанында Қазақстандық қоғамдық даму институты жеке сұхбат әдісімен өткізілді. Іріктемелі жиынтық - 18 және одан жоғары жастағы 2 400 респондент. Зерттеу жүргізу аумағы – Республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалалары, 17 облыс орталығы, сондай-ақ ауылдық елді мекендер. Сауалнама 2026 жылдың 1-16 тамызы аралығында жүргізілді.
Фото: depositphotos.com