Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 12.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 12.10.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды Тәжікстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, сайлау қорытындылары оның стратегиялық бағытына деген жоғары сенім мен бүкілхалықтық қолдаудың белгісі екенін атап өтті. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентінің екі ел арасындағы берік достық байланыстарды және стратегиялық әріптестікті дамытуға зор үлес қосқанын айтты. Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша бірлескен жұмысты белсенді жалғастыруға дайын екенін айтты.

***

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Әбу-Даби қаласына жұмыс сапары аясында Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистика, агроөнеркәсіп, мұнай химиясы, ғарыш, тау кен металлургиясы, энергетика және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық келешегін талқылады. Келіссөз қорытындысы бойынша ҚР мен БАӘ үкіметтері арасында инвестиция мәселесіндегі ынтымақтастық жөніндегі құжатқа қол қойылды. Бұл құжат 6,1 млрд долларға 21 жобаны жүзеге асыруды көздейді.

***

Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі мемлекеттік орган басшылары мен Парламент депутаттарының азаматтарды жеке қабылдауын қайта қолға алады. Пандемия жағдайына байланысты халықпен кездесулер қашықтан өтеді. «Nur Otan» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Сақтаған Сәдуақасовтың айтуынша, енді азаматтарға өз сауалдарын жолдау оңайырақ болады. Бұрын олар партия филиалына арнайы келулері қажет болса, енді смартфонға немесе компьютерге Zoom қосымшасын орнату жеткілікті. 14 қазан күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов; 15 қазан – Парламент Мәжілісінің депутаты Татьяна Яковлева; ал, 16 қазан – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді азаматтарды қабылдайды.

***

Қазақстанға ұшақпен келген 6 адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтты. Оның дерегінше, қазанның 6-12 күндері аралығында елімізге халықаралық әуе рейстерімен 14 578 жолаушы келген. Оның ішінде 11 966 жолаушыда ПТР анықтамасы болса, 2 596 жолаушыда мұндай анықтама жоқ. Сондықтан ПТР тест тапсыру үшін 2 596 қазақстандық екі күндік карантинге жатқызылған. « Олардың 6-ында коронавирус табылды. Олар әртүрі әуе рейсімен және әртүрлі күндері келген»,- деді ол.

***

Қазақстанда коронавирустан көз жұмған медицина қызметкерлеріне 10 млн теңге өтеақы төленеді. Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Facebook парақшасында жазды. «Соңғы шешім қабылданды, қаза болған медицина қызметкерлерінің барлығының отбасыларына/жақындарына 10 млн теңге өтемақы төленеді. Осы аптаның соңына дейін ақша өтінім берушінің банктің есепшотына түседі. Қазақстанда коронавирус індетіне басталғаннан бері 182 ақ халатты абзал жан өмірден өтті», - деді Бағдат Қожахметов. Айта кетейік, коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілуі тиістігін айтқан болатын.

***

Жыл басынан бері қазақстандықтарға 1,8 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті. «2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 576,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 285,4 млрд теңге бағытталды», - делінген ақпаратта. 1 қазанда жасалған мәлімет бойынша Қазақстанда зейнеткерлер саны 2 млн 212 мың адам. Зейнетақының орташа мөлшері 94 913 теңге.

***

Биыл Қостанай облысында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 27,4 млрд теңгеге несие берілді. Бұл туралы әкімдікте өткен аппарат жиынында Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Олжас Сапарбеков айтты. «Бизнестің жол картасын» іске асыруға биыл 5,8 млрд теңге бөлінді. Ал бағдарлама басталғалы 2 мыңнан астам жоба қолдау тапқан. «Кредиттерді субсидиялауға мақұлданған жобалар саны 54,9% ұлғайды. Мемлекеттік бағдарлама қатысушылары үшін 4924 жаңа жұмыс орны ашылып, 26 589 жұмыс орны сақталды.», - деді Олжас Сапарбеков .

***

Қыркүйекте елімізде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері көбейген. Бұл жайында ҚР ҰЭМ Статистика комитеті хабарлады. Ведомство мәліметінше, биыл қыркүйек айында 35 359 тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі тіркелген. Бұл өткен аймен салыстырғанда 17,2 пайызға артты. Биыл қаңтар- қыркүйектегі тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 9,5 пайызға кеміді. Өткен жылы мұндай мәмілелердің саны 212 986 болған еді.

***

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты 19 қазанда басталады. Алғашқы тур еліміздің 6 қаласында өтеді. Биыл чемпионатқа барлығы 13 команда қатысады. Алғашқы турда «Номад» пен «Алтай-Торпедо», «Торпедо» мен «Снежные Барсы», «Арлан» мен «Бейбарыс», «Құлагер» мен «Ақтөбе», «Теміртау» мен «Сарыарқа», «Ертіс» пен «Алматы» өзара шеберлік байқасады.