Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қай өңірлерде пара алу жиі кездеседі?

Қай өңірлерде пара алу жиі кездеседі?
  • Қазақстанның қай өңірлерінде пара алу жиі кездеседі?
  • Жемқорлық үшін Атырауда 51 азамат бас бостандығынан айырылды. 
  • Қарағанды облысында қар құрсауында қалғандар әлі де құтқарылуда. 

Еліміздің 3 өңіріндегі респонденттер парасыз бірде-бір мәселе шешілмейтінін айтады. Алматы қаласы, Жамбыл облысы мен Шымкент қаласынан арнайы зерттеуге қатысқандар осылай деп жауап берген. Бұл туралы «Transparency Kazakhstan» ҚҚ атқарушы директоры Ольга Шиян Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. «Респонденттерден өз өңіріндегі сыбайлас жемқорлық жағдайын қалай қабылдайтыны сұралған. Сонымен қатар, олар тұрғылықты жерінде жемқорлықтың азайғанын немесе артқанын қалай бағалайтынын айтқан. Халық ішінде жемқорлықтың ауқымы артып бара жатыр дейтіндер көп. Тек бес облыстың тұрғындары жемқорлық деңгейі мен ол туралы әңгіме шеттен тыс көп айтылып кеткенін жеткізді», - деп атап өтті Ольга Шиян. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, қалған облыстағы сұралғандар парақорлықтың барын айтып, бірақ оған иек артса өз мәселесін шешуге болатынын білдірген. «Яғни, жемқорлықсыз бірде-бір мәселе шешілмейді деген пайым-пікірдегі өңірлер де бар. Олардың қатарына Жамбыл облысы, Алматы мен Шымкент қалаларын жатқызуға болады», - дейді сарапшы. 

***

Ал, Атырау облысында жемқорлық үшін 51 азамат бостандығынан айырылды. Олардың барлығы кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласқан. Аймақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, 1 млрд теңгеден астам қаржы мемлекет бюджетіне қайтарылған және 11 бизнес субъектісінің құқығы қорғалған. Жалпы, өткен жылдың қортындысы бойынша өңірде жемқорлық деңгейі 9-процентке төмендеген. Соңғы екі жылда антикор қызметкерлері өңірде пара берген 480, кәсіпкерлікке заңсыз қол сұққан 713 фактіні анықтады. Жемқорлықтың басым көпшілігі білім, ішкі істер, денсаулық салаларында анықталды», - деді аталған департамент басшысы Қанат Сүлейменов.

***

Қазақстанда алдағы шілде айында жаңа Экологиялық кодекс күшіне енеді. Осыған байланысты ауаға тиісті нормадан артық ластаушы заттар шығаратын автокөлік иелеріне салынатын айыппұл көлемі артады. Енді шығарындылардағы ластаушы заттардың мөлшері белгiленген нормадан асса, жеке көлік иесі 10 АЕК, заңды тұлғалар 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал ережебұзушылық бір жыл ішінде қайталанса – айыппұл көлемі екі есе өседі. Тағы да айта өтейік, мұндай әкімшілік жауапкершіліктің күшейтілуі шілде айынан бастап қолға алынады.

***

Қостанайда жылу тарифі ақпан айынан бастап төмендейді. Облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ақан Ташпановтың айтуынша, жылумен жабдықтау қызметінің бағасы қазіргіден 8 пайызға арзан болмақ. Өткен жылдың тамыз айында «Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы» ЖШС жылумен жабдықтау қызметінің бағасын 6,4 пайызға арттыруды сұраған. Алайда монополистер жылу тарифін өсіруге қарсы шықты. Департамент мамандары коммуналдық тарифтердің дұрыс есептеуін қадағалап, жылумен жабдықтау жүйесінің бағасын 2018 жылғы тарифке сәйкестендірді. Осылайша, жылу бағасы ақпан айынан бастап төмендеп, қосымша құн салғынсыз 6 970 теңге болады», - дейді Ақан Ташпанов. Оның мәліметінше, тариф төмендеген соң облыс кәсіпорындарының жылуға жұмсайтын қаражаты 2 млрд теңгеге үнемделмек.

  ***

Қарағанды облысында қар құрсауында қалған көліктерден 9 адам құтқарылды. Құтқару операциялары Абай, Бұқар Жырау және Осакаров аудандарының автожолдарында жүргізілді. Сонымен қатар, көліктердің жүру қиындығына және ауруханаға жатқызу қажеттілігіне байланысты Бұқар Жырау ауданы Баймырза ауылы құтқарушыларының күшімен 2020 жылы туған бала Теміртау ауруханасына жеткізілді. Кешеден бері аймақта ауа райының нашарлауына байланысты барлық бағытта көлік қозғалысы жабылды. Төтенше жағдайлар департаменті елді мекендерден тыс жерлерге және алыс қашықтықтарға, әсіресе түнде және ауа райы нашарлаған кезде жолға шығудан бас тартуды сұрайды. Ауа райының өзгеруі және автожолдардың жағдайы туралы жедел ақпарат Darmen мобильді қосымшасында және ТЖД ресми сайтында қолжетімді. Сонымен қатар, 112 нөмірінен хабарласып білуге болады.