Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Өрттен қайтыс болған балалардың ата-анасына пәтер берілді

Өрттен қайтыс болған балалардың ата-анасына пәтер берілді

Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы өрт салдарынан жапа шеккен отбасыға пәтер берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, марқұм болған балалардың ата-анасына облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты материалдық, психологиялық, дәрігерлік қолдау көрсету шаралары қолға алынған.

«Мәселен, жерлеу рәсімін ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдар өз мойнына алды. Сондай-ақ, демеушілер есебінен Жаңатас қаласынан 3 бөлмелі пәтер берілді, ал Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажетті жиһаз бен техника алып берді. Қоғамдық ұйымдар, демеушілермен 3 млн теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді»,-делінген облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын көмек ретінде жолдайтын болды.

*****

Елімізде жасы 65-тен асқан қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға рұқсат берілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов айтты.

Жаңа қаулыда жас шегі жағынан шектеу алынып тасталды. Алайда екпені егде адамдарға салмас бұрын оларды жіті тексеру керек. Вакцина салынатын адамның дәл сол кезде ауруы болмауға тиіс», - деді бас санитар дәрігер. Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау вице-министрлері Ерлан Қиясов және Ажар Ғиният «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырды. Екпе денсаулық сақтау саласының жауапты басшыларына №6 қалалық емханада жүргізілді. Пациенттер вакцинаның алғашқы дозасынан кейін еш шағымы жоқтығын айтты,-деп хабарлайды қазақпарат. 

*****

Нұр-Сұлтанда коронавирус анықталған жағдайда мектепті емес, сыныптарды немесе қабаттарды жабу жоспарлануда. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

«Эпидемиологиялық жағдай жақсарғанда әрине, шектеу шараларын жеңілдету мәселелері шешіледі және коронавирус анықталған жағдайда мектепті емес, сыныптарды немесе тұтас қабатты жабу жоспарлануда. Жапсарлас сыныптар жабылады. Бұл мәселе қазір талқыланып жатыр», - деді спикер елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте. Айта кетейік, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы 21 мектеп карантинге жабылған.  

*****

Қызылордада коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын егу басталды. Ақпан айының басында өңірге «Спутник V» вакцинасының 1 мың дозасы жеткізіліп , ол жергілікті тұрғындарға егілді. Олардың 939-ы медицина қызметкері болса, 61-і басқа да ерікті түрде келген қала тұрғындары. Кеше тағы 1 мың доза облысқа жеткізіліп, бұдан бұрын екпе қабылдаған азаматтарға араға үш апта салып, екінші мәрте дозаны егу жұмыстары жүргізілуде. Сала мамандарының айтуынша, бұл жолғы екпе алдыңғы вакцинаның әсерін күшейтеді. Әрі ағзадағы қорғаныш қабілетін арттырады. 

*****

Теміртауда тұрғын үйлерге талапқа сай жылу бермеген мекемеге айыппұл салынды. Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Теміртау қаласы тұрғындарының пәтерлеріндегі төмен температураға қатысты шағымы негізінде «Окжетпес-Т» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша, жеткізу және қайтару құбырларында берілген және нақты көрсеткіштердің айтарлықтай ауытқуы анықталды. Осылайша, табиғи монополия субъектісі тиісті заңнамада белгіленген міндеттерді толық орындамағаны белгілі болып отыр. Осыған байланысты «Окжетпес-Т» ЖШС-не 4 667 200 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үйге ортақ есептеу құралдары жоқ тұтынушыларға толық жеткізілмеген жылу энергиясы үшін қайта есептеу 2020-2021 жж. жылыту кезеңінің соңында жүргізілді.