Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 01.03.2021

Қорытынды жаңалықтар 01.03.2021

Бүгін Алғыс айту күні. Бұл күн – бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке. Бұл кеңқұшақ құрмет еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Осы мерейлі күнге орай, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды құттықтады. Бүгін біз қазақ халқының рухани ерлігі мен еліміздегі барлық этностардың басына түскен ауыр сынақтарды еске алып қана қоймай, келешекке зор сеніммен қараймыз. Қазақстан қоғамының келісімі мен татулығы ­– сол жарқын болашақтың берік іргетасы. Коронавирус пандемиясына тойтарыс беру кезінде де біздің бірлігіміздің маңызы айқын көрінді. Қазақстандықтар мемлекетіміздің тұрақты дамуына қауіп төндірген жаһандық сынаққа ел болып жұмыла қарсы тұрды. Баршаңызға мол игілік, мықты денсаулық, тыныштық пен бақ-береке тілеймін,-делінген Елбасының құттықтауында.

*****

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.

Бұл күні халқымыздың бір-біріне өзара қамқорлығы, мызғымас береке-бірлігі мен ынтымағы кеңінен дәріптеледі. Біз осы құндылықтардың арқасында мемлекеттігімізді жаңғыртып, түрлі сын-қатерден сүрінбей өттік. Бүгінде азаматтарымыз егемен елімізді дамытуға, қастерлі қазақ жеріндегі бейбітшілікті, татулық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда. Мен баршаңызға Отанымыздың өркендеуі жолында сіңірген жасампаз еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын!»,-делінген Президенттің құттықтауында.

*****

Қазақстан халқы Ассамблеясы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап жиын өткізді. Оған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктері мен жастар қанатының өкілдері қатысты. Мемлекеттік хатшы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өте отырып, Алғыс айту күніне ерекше мән-мағына берілгенін баса айтты. Және тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуының бастауларында болған адамдарға айрықша алғыс білдірді. Сондай-ақ жиын барысында Ассамблеяның «Тұңғыш Президент жолымен – бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» халық экспедициясы» жобасының және «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» марафонының тұсаукесері өтіп, білім және денсаулық, азаматтық қоғам саласының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар сөз сөйледі.

*****

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысы өтіп, онда өткен жылғы қорытындылары мен осы жылға арналған міндеттер талқыланды. Ведомство басшысы Алексей Цойдың айтуынша, медицина қызметкерлерінің біліктілігін халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейге жеткізу үшін мемлекеттік білім беру гранттарын 40 пайызға ұлғайту, медициналық университеттердің профессор-оқытушы құрамының біліктілігін арттыру, медициналық ЖОО-ында оқитын студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға көтеру жоспарланған. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жетеді деп болжануда. Осылайша, биыл дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңге болады. 2023 жылы 561 мың теңгеге дейін жетеді,-деген министр келесі жылы медициналық қызметтерге тариф қайта қаралатынын жеткізді.

*****

2022 жылға дейін елімізде шамамен 6 млн қазақстандық коронавирустық инфекциядан вакцинацияланады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ресейлік «Спутник V» вакцинасы рекордтық мерзімде сатып алынғанын еске салды. Бүгінде оның өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында жолға қойылған. Отандық тауар өндірушілерге өнім жеткізу бекітілген кестеге сәйкес - 24 ақпанда басталды. Ал, биыл сәуір айында БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының әзірлемесі – «QazCovid-in» отандық өндірісінің вакцинасын қолдану жоспарланған,-дейді министр.

*****

Өткен тәулікте елімізде 622 адамнан коронавирус анықталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 213431-ге жетті. Оның ішінде 196889 адам жазылды. Бүгінгі мәлімет бойынша 20140 адам коронавирустан емделуде. Індетке шалдыққандар арасында 248 адамның халі ауыр, 50 пациенттің жағдайы өте ауыр, 44 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған. Ал, ел аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрициасына сәкес, «сары аймақта» - Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары тұр. Өзге өңірлердің барлығы «жасыл аймақта».

*****

Бүгін еліміздің кей мектептерінде 1-5-сынып оқушыларын аралас форматта оқыту басталды. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-тегі парақшасында осылай деп хабарлады. 1 наурыздан бастап Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді. Өңірлердегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қай оқу пәндерінің штаттық немесе қашықтан оқыту форматында жүргізілуін және оқу сағаттарының санын анықтауды мектептер дербес шешеді. Ал оқушылар міндетті мектеп формасында емес, еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуы шарт. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Вице-министрдің айтуынша, тек ерекше жағдайларда, ауырғанда немесе науқастармен қарым-қатынас жағдайларында ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқытуға қалдыруға болады.

*****

Бүгін Алғыс айту күніне және Қазақ радиосының 100 жылдығына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Мың алғыс» қайырымдылық телемарафонын өткізуде. Шараның негізгі мақсаты - көмекке мұқтаж жандарға көпшіліктің атсалысуымен қолұшын созу, мейірімділікті насихаттау, қайырымды жандарға алғыс айту. Тікелей эфир барысында остеогенез сырқатына дауа іздеген бір отбасының балалары, 10 және 12 жастағы Нұрислам мен Балнұр Жұматайға, созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан журналист Бағдат Мұхтарұлына, Түркия ауруханасында лейкозбен күресіп жатқан 3 жастағы ақтаулық Ләйлә Бақтыбаеваға, тобығы өкшесіне бітіп, бел омыртқасы айқасып туған 8 жастағы қызылордалық Зарина Ниязбекке көмек көрсетіледі. Қазірге дейін қайырымды жандардың арқасында 12 млн теңгеге жуық қаражат жиналды. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы мен Қазақ радиосында тікелей эфирде өтіп жатқан қайырымдылық марафоны сағат 21.30 ға дейін жалғасады.